Қазақстан экология рейтингінде Aфрика елдерінен де төмен тұр – Сенат депутаты

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстан экология рейтингінде Aфрика елдерінен де төмен тұр/kursiv.media

Қазақстан жасыл желекке бөленген елдер рейтингінде 78 елдің ішінде 72-орында тұр. Сенатор  Советбек Медебаев елдегі экологиялық жағдайдың мәз емес екенін мәлім етті. Қазақстан экологиялық тиімділік рейтингінде Aфрика елдерінен де төмен тұрғанын айтты.

Сенаттың жалпы отырысында депутат ауаның, судың және топырақтың шамадан тыс ластану проблемаларын айтып берді.  Оның айтуынша, Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа жоғары деңгейде ластанғаны байқалады. Оның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етеді.

«Жезқазған және Сәтпаевтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзетін қондырғыларды жаңартуды дер кезінде жүргізбесе, экологиялық жағдай күрт нашарлауы мүмкін. Қазіргі уақытта Жезқазған өңірінде негізгі су көзі – Кеңгір су қоймасы. Ал судың сапасы онда қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізу қажет. Үйтас – Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету керек»,–деді сенатор.

Сенатор сонымен қатар өндіріс орындарының қалдықтары ашық жерлерде сақталуына алаңдаушылық білдірді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылып, ашық және қалалық полигондарда жиналып жатыр. Депутат жағдайдың күрделі екенін айтып, мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Еліміздегі экологиялық ахуал күрделі аймақтың бірі – Атырау қаласы. Мұнда экология мәселесі өте өзекті. Негізгі ластаушы көздері – «Тухлая балка» булану алаңы, «Квадрат» булану алаңы, тұрмыстық қалдықтар полигоны, Атырау мұнай өңдеу зауыты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

«Тухлая балка» булану алаңында 2021 жылы кәріздік тазарту қондырғылары салынды. 2023 жылы булану алаңының рекультивация жұмыстары аяқталады. «Квадрат» булану алаңы. 2023 жылы кәріздік тазарту қондырғылардың құрылысы басталды. 2025 жылы булану алаңының рекультивация жұмыстары аяқталады. Тұрмыстық қоқыс полигоны. Полигонды рекультивация жасаудың ЖСҚ жасақталуда. 2024 жылы жұмыстар басталып, полигонды жабу көзделген. Атырау мұнай өңдеу зауыты. Тазалық бағдарламасы аясында зиян шығындыларды азайту жоспарланды. Технологиялық аудит өткізіледі», – деді С.Шәпкенов.

Сондай-ақ оқыңыз