Қазақ аңыз-әңгімелеріндегі әйелдер бейнесі

Жарияланды
Қазақ аңыз-әңгімелеріндегі әйелдер бейнесі/kursiv.media

Халықаралық әйелдер күніне орай «Курсив» отандық мифологияға, атап айтқанда ондағы әйелдер бейнесіне шолу жасады.

Қазақ мифологиясында қалыптасқан мифтік жаратылыстардың күрделі, алуан түрлі, таңғажайып әлемі жергілікті авторларды көптен қызықтырады. Осынау түпсіз мәдени қайнар көзді алғаш зерттеушілердің бірі – атақты ғалым Шоқан Уәлиханов. Қазір бұл тақырыпқа деген қызығушылықтың жаңа толқынын және аудиторияның мұндай материалға деген қажеттілігін сезініп жатқандықтан, мифология зерттеушілері көпшілік арасында танымал. Осы тақырыпта қалам тартып жүрген авторлардың бірі – Зира Наурызбай. Ол мәдениеттанушы, жазушы, сценарист, қазақ мифологиясының білгірі және жүздеген мақалалардың, сондай-ақ мәдени мұрамыз туралы кітаптардың авторы. Солардың ішіндегі ең танымалы – «Қазақтардың мәңгілік аспаны».

Біздің аңыз-әфсаналардағы әйелдер бейнесі – сүйеу болатын, қамқор, әйел-құдай бейнесінде ғана емес, сондай-ақ жағымсыз бейнеде де суреттеледі. Олар жауынгерлерді немесе аңшыларды қауіп-қатерге ұшырататын, жолына әртүрлі тұзақтар қоятын қу әйелдер. Бір қызығы, бұл залым әйелдер бейнесі барынша егжей-тегжейлі сипатталған. Тіпті сүйіспеншілікпен жазылған десе болады.

Ұмай-Ана, Жер-Су, Су-Ана, От-Ана және басқалар 

Ана архетипіне жататын әйелдің мифологиялық образдары қай заманда да барлық халықтар арасында құрметке ие болған. Ал қазақ мәдениетінде көне түркі аңыздары тәңіршілдікпен астасып жатыр.   

Бұл мифологиялық жаратылыстардың жасалуына табиғат күштері, әртүрлі дүлей күш, жануарлар әлемі қатысады. Аңыз бойынша, көне түріктердің арғы анасы қасқыр болған. Бір нұсқа бойынша ол жау қолынан аяғы мен қолынан айрылған жас жігіттен жүкті болған. Одан түркі халықтары тараған он ұл туады.

Қазақ әйелдерінің сенім-нанымында басты орын әйелдердің, аналар мен балалардың қамқоршысы және Тәңірлік мәдениетіндегі ең құрметті құдай-ана Ұмайға тиесілі. Бұрынғылардың түсінігінде Ұмай басы үш мүйізді тиарамен әшекейленген жас сұлу әйел болған. Аңыз бойынша, ол күннің алғашқы сәулелерімен бірге қолына садақ пен жебе ұстап жерге түседі, соның арқасында сәбилерді зұлым күштерден қорғайды.

Қасиет-қадірі Ұмай анадан кем түспейтін, құдай-ана –Жер-Су. Жер бетіндегі барлық тіршілікті қорғаушы. Түркі мифтерін зерттеушілер оған тауларды, өзендерді, ормандар мен көлдерді басқаратын 17 құдай бағынады деп жазады. Әдетте Жер-Су сымбатты әйел, не көп балалы отбасының анасы бола алатын егде әйел ретінде бейнеленген. Жер-Су ана жердің дәл ортасында өсетін алып шыршаның жанында тұрады-мыс.

ayel.kz ресурсының авторы Алтыншаш жырау да оқырмандарына тағы бір құдайы-ана: Су анасы жайлы әңгімелейді. Аңыз бойынша, бұл тұла бойын қара балық қабыршақтары басқан алтын шашты жас әйел. Балық құйрықты, көздері жарқыраған Су анасы жердегі барлық су атаулыны басқарады. Зира Наурызбай қазақтың этнографиялық болмысында салт-дәстүр түрінде сақталған От-Ананың мифологиялық бейнесін еске түсіреді. Мысалы, келін От-Анаға жалбыранып ошаққа май құйған.

Қойбас ана

Әйелдер бейнесі жануарлар әлемінің элементтерімен байланысып жатуы жайлы сөз еткен қазақ композиторы, тарихшы Таласбек Әсемқұлов өз еңбектерінде Қойбас ана туралы айтқан. Аңыздарда ол қойдың басы бар әйел немесе қой физиологиясының кейбір элементтеріне ие болды. Зерттеуші Қойбас-Ана жандардың о дүниеге жол көрсетушісі және ана мен балаға да қамқор болғанын жазады.

Тағы бір танымал сюжет – Аққу ана немесе аққу қалыңдық. Зира Наурызбайдың Qalam сайтына берген сұхбатындағы аңыздардың біріне сүйенсек, Қалша Қадыр есімді жауынгерді сұлу Аққу ажалдан аман алып қалады. Кейін оған үйленіп, одан Қазақ деген ұл туады. Аңыз бойынша қазақ елі осы ұлдан тараған. Аққулар жалғыз жетім балаға көмекке келіп, сосын оның әйелі болғаны туралы да аңыз-әңгімелер бар.

Зерттеуші қазақ мифологиясындағы қалыңдық архетипі де өте қызықты түрде ашылғанын айтады. Қазақ аңыздарында тылсым күш иелері жиі келін болады. Ертегілеріміздің жиі кездесетін мотивтердің бірі – батырдың жылан қызға үйленуі. Ол сұлуға үйленіп, үйленгеннен кейін ғана оның жылан немесе Айдаһар-әйел екенін біледі. Болмаса сәл басқаша мотив – үйленуге уәде еткен жорғалаушы қалыңдық бейнесіндегі досының немесе үзеңгілесінің әпкесі болып шығады.

Мыстан, Жалмауыз кемпір

Адамға зиянын тигізетін зұлым әйелдер әлемі қазақ ауыз әдебиетінде әр алуан. Аңыз-әңгімелерде кездесетін жалмауыз әйелдің кем дегенде бірнеше түрі бар. Мысалы, Мыстан Кемпір – бала ұрлап, қарғыс айтып, адамдарға зиян келтіретін, тамақ пен судың бәрін улай алатын айлакер, қу. Аттан да жүйрік, күрескенін жеңеді. Ол көбіне қарапайым кемпір болып көрінеді. Оның ең жақын серігі – жеті басты, бір көзді кемпір Жалмауыз кемпір. Мыстан кемпірге қарағанда өткір тырнақтары, кейбір нұсқаларда тұяқтары ғана емес, нағыз сиқырлы қабілеттері де бар. Мысалы, ол өз қалауы бойынша сыртқы түрін өзгерте алады. Мәдениеттанушылар Мыстан бейнесінің «қосарлы» бейне екенін айтады. Әйел жақсы істер жасауға қабілетті, мысалы, ол батырды асырап алады, оның кеңесшісі болады және оның мақсатына жетуіне көмектеседі.

Қазақ мифологиясында кездесетін тағы бір жын кейіпкері – Жезтырнақ. Әдетте ол жапан далада жалғыз келе жатқан адамға қол мен бетін жасырып тұрған әдемі жас қыздың кейпінде көрінеді. Көп ұзамай оның қатыгез мінезінен басқа, мыстан мұрынды және жез тырнақтары бар, керемет күшті екені белгілі болады. Жезтырнақ бір ғана салқын көз ілмейтін көзқараспен адамды арбауына түсіруді біледі.  

Албасты деп иығынан асырып тастайтын шашы жайылған семіз әйел. Ол босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді аңдиды. Сондай-ақ онша танымал емес кейіпкерлер де бар, мысалы, қазақ фольклорының қорқынышты әңгімелерінің қызықты кейіпкері – Таутай-лақ. Бұл қорқынышты кейіпкер тілінен шыққан ащы уытпен тауларды құлатып, тастарды уата алады.

Су перілері мен аққу бейнесіндегі қыздар

Біздің аңыз-әфсналарда тек теңіз перілері ғана емес, сонымен қатар су перілері де бар. Олар аққуларға айналып, жалғыз жүзіп жүргендерді сиқырымен баурап алады. Кейде ер адамдар бастарын жоғалтып, үйленуге ұсыныс жасайды, қыздардың бір шарты бар – жаңадан шыққан күйеуі оның шашын тарағанына қарамауы керек, сонымен қатар оның денесіне қарауға болмайды. Өйткені, Зира түсіндіргендей, әйел құстың көптеген ерекшеліктерін сақтайды.

Күйеуі, әрине, тыйымды бұзады, сондықтан көп ұзамай қыз аққуға айналып, ұшып кетеді және күйеуіне ортақ баласын қалдырады. Кейбір әңгімелерде тастанды ұлы ақыры билеушіге айналады.

Ең қызықты кейіпкерлер – күлдіргіш. «Ежелгі Қазақстан мифтері» кітабының авторы Орынбай Жанайдаровтың айтуынша, бұл арулар ер-азаматтардың алдына жалаңаш көрініп, оларды терең суға түсіріп, өлгенше қытықтап, су түбіне сүйреп кетеді.

Қорытындылай келе, халқымыздың осы бір бай фольклорлық қоры мен мифологиясы дұрыс пайдаланылса, сценарийстерге жақсы көмек бола алатынын, өкінішке орай, әзірге назардан тыс қалдыратынын қосқым келеді. Отандық кинода жаңа, қызықты әйел рөлдері пайда бола бастады. Бірақ фильмдердің көпшілігі әлі күнге дейін келін мен ене арасындағы қарым-қатынас шеңберінен шыға алмай келеді.

Сондай-ақ оқыңыз