«Көшбасшы әйелдердің санын көбейтуіміз керек»: БҰҰ басшысы әйелдерге инвестиция салуға шақырды
Әйелдер мен қыздар үлкен жетістіктерге жетуде. Олар барлық кедергілерді бұзып, стереотиптерді жойып, әділ де тең әлемге қарай ілгерілеуде. Осылай деген БҰҰ Бас хатшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған бейнеүндеу жолдады.
Мереке күніне орай бейнеүндеу жолдаған Антонио Гутерриш өз сөзінде әйелдер қауымы үлкен кедергілерге тап болатынын айтты.
«Миллиардтаған әйелдер мен қыздар маргинализация, әділетсіздік және кемсітушілікпен бетпе-бет келеді. Ал әйелдерге қатысты жалғасып жатқан зорлық-зомбылық індеті бүкіл адамзат үшін ұят жағдай», – деді Антонио Гутерриш.
БҰҰ басшысының айтуынша, қазіргі әлем әлі де ер адамдар үстемдік ететін «мыңдаған жылдардағы билік қатынастарын» көрсетеді. Прогреске қауіп төніп тұр, өйткені әйелдердің құқықтарына аяусыз шабуыл жасалуда.
«Қазіргі даму қарқынында құқықтық теңдікке үш жүз жылдан кейін ғана қол жеткізуге болады.Біз тез қимылдауымыз керек»,– деді Антониу Гутерриш.
БҰҰ Бас хатшысы өз құқықтары үшін күресетін әйелдер мен қыздарды қолдауға және прогресті жеделдетуге шақырды. Оның айтуынша, биылғы Халықаралық әйелдер күнінің «Әйелдерге инвестиция» тақырыбы патриархатты жою ақшаны қажет ететінін еске салады. А.Гутерриш «алдыңғы қатарда» тұрған әйелдер ұйымдарын қолдау, оларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату туралы мәлімдеді. Сонымен қатар нәзік жандыларды экономикаға, цифрлық технологияға, бейбітшілік орнатуға және климаттың өзгеруіне қосуға жәрдемдесу бағдарламаларына инвестициялау қажеттілігі туралы айтты.
«Біз сондай-ақ бизнес, қаржы, орталық банктер мен қаржы министрліктеріндегі көшбасшы әйелдердің санын көбейтуіміз керек. Әйел құқығы – әділ, бейбіт және гүлденген қоғамға апаратын дәлелденген жол. Бұл бәрімізге пайдалы», – деді БҰҰ басшысы өзінің бейнеүндеуінде.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тағы да халықаралық институттарды, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға шақырды. Оның айтуынша, олар ескірген және қазіргі әлемнің маңызды мәселелерін шешпейді. Бұл туралы ол Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда мәлімдеді.
«Жаһандық басқарумен айналысатын институттар 80 жыл бұрын құрылған. Біз немерелеріміздің болашағын аталарымызға арналған жүйемен құра алмаймыз», – деді Гутерриш.
Бас хатшы БҰҰ биыл реформалау үдерістеріне көбірек көңіл бөлетінін айтты. Сондай-ақ, қыркүйек айында қазіргі заманның өзекті мәселелеріне арналған Болашақ саммиті өтеді.
Гутерриштің айтуынша, саммитте халықаралық қаржы архитектурасының қажетті реформалары қаралатын болады.
Күні кеше Володимир Зеленский Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға барғанын хабарлаған болатынбыз. Басылымның жазуынша Украинадағы шиеленіс тынбай, майдандағы жағдай өзгермегендіктен, саясаткер Швейцарияға дипломатиялық дискуссияда бейбіт келісім мүмкіндігін қарастыруға келген.