Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кірістер комитеті гүлге қатысты қызық ақпарат ұсынды. Елімізге шетелден қаңтар айының өзінде құны 5 миллион АҚШ доллары болатын 639,7 тонна гүл жеткізілген. Оның жалпы саны 12,1 миллион дана гүлді құрайды. Мамандар бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда көп екенін айтады.
Мәселен, 2023 жылы салмағы 526,8 тоннаны құрайтын 10,2 миллион дана гүл талы елімізге әкелінген. Оған жұмсалған қаржы 3,9 миллион АҚШ долларына тең.
Қазақстанда соңғы уақытта 4 гүл түрі ең көп сұранысқа ие болған. Мәселен, гүл сатушылар биылғы 2 айдың нәтижесі бойынша раушан гүлі ең көп сатылса, одан кейінгі орындарда бақытгүлі мен қалампыр, ал төрттікті лалагүлі түйіндеп тұрғанын айтады.
Раушан гүлі жыл басында 3,4 миллион долларға 9,3 миллион дана гүл талы елімізге жеткізілген. Екінші орында салмағы – 71,9 тоннаны құрайтын 1,1 миллион дана хризантема гүлі. Бұған отандық кәсіпкерлер 553,8 мың АҚШ доллардай ақша жұмсаған. Сұраныс көп артқан тағы бір гүлдің түрі- лалагүл. Бұл өсімдік түрінің салмағы – 15,2 тонна болатын 220,2 мың данасы Қазақстанға жеткізілген. Оның құны 104,2 мың АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ қалампыр да жоғары сұранысқа ие, оны 9,3 тонна салмағымен 68,2 мың АҚШ долларына әкелген.
«Басқа да жаңа кесілген гүлдер (қызғалдақ, hydrangeas, линолиум, гипсофила, финикс, ирис, гортензия және басқа да экзотикалық гүлдер) салмағы 132,1 тонна, құны 808,6 мың АҚШ долларына әкелінген», – делінген кірістер комитетінің хабарламасында.
Ағымдағы жылы әсемдіктің символы саналатын өсімдік түрлері негізінен Эквадор (404,2 тонна), Нидерланды (105,4 тонна), Колумбия (49,3 тонна), Қытай (16,3 тонна), Кения (44,8 тонна), Өзбекстан (9,2 тонна), және Израиль (2,7 тонна) елдерінен әкелінген.
2022 жылы елімізге құны 46 миллион доллардан асатын 6 832 тонна гүл импортталған. Соның ішінде раушан гүлдері ең көп сұранысқа ие болды. Ал, 2023 жылы Қазақстанға салмағы 8,5 мың тонна болатын гүл талы жеткізілді. Жалпы 60,1 миллион АҚШ долларына тең гүлдер импортталған.
Отандық гүлдердің сапасы қандай?
Гүл саласындағылар отандық гүл мен шетелдік гүлдің артықшылығы мен кемшілігін айтып берді. Гүл сатушылардың көбі мұхит асып келетін гүлдер ұзақ сақталатынын айтады. Сатылымға шыққанша алдын ала жеткізілген гүл қоймаларда апталап тұрса да бұзылмайды. 2-5 градустық температураны сақтасаңыз жеткілікті. Ал отандық гүл өсірушілердің «мұңы» да сол – гүлдеріміз ұзақ сақталмайды дейді. Гүлдеген өсімдіктің тамырдан ажырағаннан кейінгі тағдыры салқын жерде сақталғанның өзінде бір аптаға жетпейтінін мәлімдеді.
Гүл саудасындағы табыс қанша?
Ресми дерекке жүгінсек, оңтүстікке қарағанда Ақмола, Павлодар сынды табиғаты қатал жақта отандық гүл шаруашылығы дамыған. Тіпті, кенді қала Екібастұздың өзінде гүл шаруашылығы жолға қойылыпты. Аталған шаруашылық түріндегі үлкен үлес, әрине, шетелдің еншісінде болып тұр.
Гүл саудасындағы кәсіпкердің сөзінше, бағаның өсуі алдын ала оңай болжанбайды. Оған себеп, отандық саудадағы гүлдің 75%-ы әлі де болса сырттан келуі.
Қаржы министрлігі кірістер комитетінің дерегінше, өткен жылдың екі айында 1300 тоннадан аса гүл сатып алынып, оған 9,5 млн доллар қаржы шығындалған. Ал 2022 жылдың екі айында бұл көрсеткіш 1000 тонна көлемінде болған. Соның өзінде жалпы кезең бойынша 6690 тонна гүл импортталып, 46,7 млн доллар сыртқа кеткен. Отандық гүл саудасындағы баға тәуекелділігі шетел нарығына тірелетіні жасырын емес. Оған логистика, доллар мен еуроға бағынышты валюта бағамы және көрші Ресейге салынған санкцияның әсері тағы бар. Бұл – сыртқы фактор.
Ішкі нарыққа келсек, гүл сатушылардың айтуынша, мереке күнгі ауа райы да бағаға тікелей әсер етеді. Егер күн ашық шуақты болса, сауда да қыза түседі. Ал салқын күндері табыс та төмен деңгейде қалатынын айтады гүл саласындағылар. Бір қызығы, ауа райы алдын ала болжанғандай қолайлы болса, сала кәсіпкерлері кейбір мерейлі күнде 4-5 айдың табысын табады.
Өткен 2023 жылы қазақстандық раушан гүлдері Өзбекстанда сұранысқа ие болды. Онда барлығы 27,1 тонна, құны 40,4 мың АҚШ долларын құрайтын гүлдер экспортталған.
2022 жылы Қазақстан сырттан 46,1 млн долларға гүл сатып алған. Ақпаратқа сәйкес, жалпы айналым 48,8 млн долларды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 9,7% – ға көп. Алдыңғы жылы айналым құны 44,4 млн доллар болған еді. Қазақстаннан сыртқа сатылған гүлдер құны 2022 жылы 10,1% – ға өсіп, 2,7 млн доллар болған. Ал, гүл импорты 2022 жылы 9,7% – ға өсіп, 46,1 млн долларды құрады.