Украина-Ресей қақтығысы: Ердоған Ресеймен бейбітшілік саммитін өткізуге дайын екенін жеткізді
Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоған Украина президенті Владимир Зеленскиймен Долмабахче кеңсесінде кездесу өткізіп, бірлескен баспасөз мәслихатына қатысты. Баспасөз жиынында Түркия басшысы Ресеймен бейбітшілік саммитін өткізуге дайын екенін жеткізді.
«Әу бастан, біз соғысты келіссөздер арқылы тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеміз. Біз Ресейдің қатысуымен бейбітшілік саммитін өткізуге дайынбыз», – деп мәлімдеді Ердоған.
Сонымен бірге Түркия басшысы стратегиялық серіктестері Украинаның аумақтық тұтастығы, егемендігі мен тәуелсіздігін қолдайтындарын атап өтті. Ол соғыстың аймақтық және жаһандық деңгейде, әсіресе, Украинада жағымсыз салдары көбейгенін айтты. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу маңызды екенін атап өтті.
«Консультациялар барысында Қара теңіздің тұрақтылығына қатысты экспорттық дәліздер мен кеме қатынасының қауіпсіздігі сияқты мәселелер бойынша пікір алмастық. Өздеріңіз білетіндей, Қара теңіз бастамасы 33 миллион тоннаға жуық астықтың мұқтаждарға жетуіне мүмкіндік берді. Жаһандық азық-түлік дағдарысының алуға көмектескен бұл келісім осы залда жасалды. Егер тараптар арасында жаңа келісімге келу ниеті болса, біз бұрынғыдай барынша өолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Режеп-Тайып Ердоған.
Өз кезегінде Украина президенті мұндай саммиттің Ресей өкілдерінің қатысуымен өтуін құп көрмейтінін жеткізді.
«Бәріне тосқауыл болып, құртып-жойып, өлтіретін адамдарды қалай шақыратындарыңызды түсінбей отырмын. Біз нақты нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Біз үшін мұндай нәтиже – Украина үшін бейбітшгілік орнатып, әділеттілікке қол жеткізу. Сондықтан алдымен өркениетті елдер арнайы жоспар жасауы керек. Содан кейін ғана бейбітшілікті қалайтын Ресей өкілдерін тарту керек», – деп мәлімдеді Зеленский.