Жаңалықтар

Байден TikTok-қа тыйым салатын заң жобасына қол қоюға дайын екенін мәлімдеді

TikTok-қа тыйым салу
TikTok-қа тыйым салу туралы заң жобасын алдымен АҚШ Сенаты мақұлдауы керек / Фото: kursiv.media

Егер Конгресс мақұлдаса, Байден АҚШ-та TikTok-қа тыйым салу туралы заң жобасына қол қояды. Бұл жайлы АҚШ президенті мәлімдеген.

«Егер құжат қабылданса, мен оған қол қоямын»,– деген Джо Байден.

Заң жобасы қытайлық ByteDance компаниясының TikTok қолданбасының пайдалануын шектеуді көздейді. Заң қабылданса, платформаға АҚШ-та тыйым салынуы мүмкін.

Бейсенбіде TikTok заң жобасына қарсы лоббилік науқанды бастаған. Компания қолданба тұтынушыларына Конгрестің қолданбаға толық тыйым салуды жоспарлап отырғанын айтып, оларды заң шығарушылармен байланысқа шығып, өз қарсылықтарын білдіруге шақырған. Осыдан соң балалар мен жасөспірімдерден көптеген қоңырау түсе бастаған.

«Кішкентай балалар кеңсеге қоңырау шалып, «Конгресс дегеніміз не?» деген сияқты сұрақтар қойып жатыр. «Конгрессмен дегеніміз не?», «Мен TikTok-ты қайтара аламын ба?» деп сұрайды», – деп мәлімдеген Заң жобасын әзірлеушілердің бірі, демократ Раджа Кришнамурти.

Заң жобасын Энергетика және сауда комитеті 7 наурызда мақұлдаған. АҚШ Конгресінің төменгі палатасы оны келесі аптада қарайды деп күтілуде. Құжат Байденнің қол қоюына жеткенге дейін Сенаттың мақұлдауын да алуы керек.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ұлыбритания мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салғаны туралы жазған болатын.

Сонымен бірге АҚШ конгресмендеріне TikTok қолданбасын пайдалануға тыйым салынды.  

Осы жылдың ақпан айында Қазақстан депутаты да бұл қосымшаға шектеу енгізуді ұсынды. Сенатор Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады.

Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

Бұл платформа санасы қалыптаспаған баланы өшпенділікке, қатыгез мінез-құлыққа тәрбиелейтінін әрі эмоциясының жұтаңдануына алып келетініне тоқталды. Сенатор шетел үлгісінде платформаны пайдалану уақытын шектеуді ұсынды.