Елімізде Қазақстан деген 24 адам тұрады
Ranking.kz Қазақстан халқының өңірлер бойынша саны мен елімізде қойылған есімдер статистикасын шығарды.
Биылғы жыл басында Қазақстан Республикасындағы халық саны 20 млн адам болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,3%-ға артық.
Қазақстан азаматтарының көбі дәстүрлі түрде еліміздің оңтүстік аймақтарында – Алматы қаласында (2,2 млн адам, былтыр 3,1% адам қосылды), Түркістан облысында (2,1 млн адам, 1,1% адам қосылды) және Алматы облысында (1,5 млн адам, 1,7% адам қосылды) тұрады. Елордада 1,4 миллион адам тұрады, былтыр 5,6% адам қосылды.
Ал ең аз халық Ұлытау өңірінде тұрады: 221,6 мың адам – бір жыл бұрынғыдан 0,1%-ға артық. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (530,1 мың адам) және Абай (607,6 мың адам) облыстары тұр.
Қалаларда 12,5 млн адам (былтыр 2% адам қосылды), ауылдарда 7,6 млн адам (0,3% адам қосылды) тұрады.
Биылғы 29 ақпандағы мәлімет бойынша, елімізде Қазақстан деген 24 адам тұрады. Қала атауын арқалап жүргендер де аз емес. Қазақстан азаматтарының ішінде 24 Астана, 20 Алматы және үш Шымкент бар.
Сонымен қатар 27 адамның аты — Семей, 15 адамдыкі — Атырау, 15 адамның есімі — Түркістан, 14 адамның аты — Тараз, 10 адамдыкі — Ақтау. Бір Ақтөбе, бір Талдықорған бар.
Саяси қайраткерлердің атын қою да дәстүрге айналған. Мысалы, елімізде 12 Қасым-Жомарт, бір Путин, сегіз Байден бар.
Биыл қаңтарда ең жиі қойылған есімдер – Медина (517) мен Әлихан (313).
2009 жылдан бері халық саны 20% өсті
Айта кетейік, Қазақстан халқы 2009 жылдан бері 20%-ға көбейіп, халқы біршама жасарған. 15 жасқа дейінгі балалар саны – 30%-ға жуық.
2009 жылдан бері халық саны 20% өсті. Тиісінше, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құраған.
Үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты. Алматы облысы – 2 146 576, Түркістан облысы – 2 054 021 және Алматы қаласы – 2 030 285.
Санақ аралық кезеңде халқы ең көп өскен Астана қаласы – 2 есе, 613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін, Шымкент қаласында 1,5 есе, 730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін және Маңғыстау облысында 485 мыңнан 735 мың адамға дейін.
Қазақстан азаматтары бақытты ма?
Еске салайық, Бақыт пен өмірге қанағаттану рейтингінде Қазақстан 165 елдің арасында 49 орынға тұрақтаған. Дегенмен тұрғындардың өмірге қанағаттану деңгейі посткеңес елдермен салыстырғанда жоғары.
Қазақстанда орташа балл 6,14 болған, бұл респонденттердің өз өмірлеріне жартылай ғана қанағаттанғанын білдіреді.
ТМД бойынша жақсы көрсеткіш болғанымен қазақстандықтар еуропалықтар немесе америкалықтар сияқты бақытты емес.
Тұрғындары ең бақытты елдер Еуропада. Үздік бестікке Финляндия, Дания, Исландия, Нидерланд және бір таяу шығыс мемлекеті — Израиль кірген.