Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 5 есеге өсті
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында сұхбат берді. Бұл туралы «АПА» агенттігі хабарлады.
Екі ел арасындағы байланыс
Мемлекет басшысы сұхбатта екі ел арасындағы қарым-қатынасқа баға берген.
Қазіргі қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы өркендеп келеді. Өзара әрекеттестіктің дәстүрлі тетіктерінен басқа іскерлік және сараптамалық кеңестер құрылып, жұмыс істейді. Бакуге сапарым барысында Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысын бастап, оның бірінші отырысын өткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2020 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы бес есеге жуық өскенін айтты (109 миллион доллардан 529 миллион долларға дейін).
Біздің «портфелімізде» екі ел үшін де, жалпы аймақ үшін де маңызды бірқатар жоба бар. Бұл – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) және энергетикалық кабельді тарту. Мұнай мен уранды Әзербайжан арқылы экспорттау, ал бидайды Қазақстаннан Әзербайжан нарығына жеткізу. Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған, – деді мемлекет басшысы.
Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) болашағына да тоқталады. Бұл ұйымның негізін Қазақстан мен Әзербайжан қалаған еді. Ұйымның құрылғанына 15 жыл болды.
Президент ұйымның әлеуеті өте зор екенін айтып, мынадай ақпарат келтіреді:
- Ұйымға мүше елдердің жалпы аумағы – шамамен 4,5 миллион шаршы шақырым, жалпы ішкі өнім 1,5 триллион доллардан асады, халқы – 160 миллионнан астам адам.
- ТМҰ аясындағы тауар айналымы 42,3 миллиард долларға жетті, ал түркі елдерінің әлеммен жалпы тауар айналымы шамамен 1,3 триллион доллар болды.
Президент Қазақстан мен Әзербайжанның ТМҰ аясындағы ынтымақтастығы туралы айта отырып, ұйымның институционалдық дамуына екі ел көзқарасы үндестігіне тоқталды.
Екі ел түркі бағытындағы алты халықаралық ұйымның бәрінің мүшесі. Бұл Астана мен Баку ТМҰ интеграциясының даму векторын бірдей көретінінің айқын дәлелі, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыру үшін биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Әзербайжан елінің спортшыларын шақырды.
Көлік-логистикалық әлеуетті нығайту
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да Әзербайжан сияқты елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайту бойынша белсенді саясат жүргізіп жатқанын айтады.
2030 жылға қарай 11 мың шақырымды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салуды көздеп отырмыз. Бұл елдің көлік мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады, – дейді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол ұйымдарының жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін «бір терезе» форматында қызмет көрсететін Middle Corridor Multimodal Ltd. бірлескен кәсіпорны құрылды. Жол бойында ең соңғы цифрлық технологиялар қолданылады.
«Жасыл» экономика және көміртекті бейтараптандыру
Қазақстан президенті 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуді мақсат етеді. Елдегі электр энергиясының 70 пайызы көмірден өндірілетінін ескерсек, бұл өте қиын міндет екенін де айтады.
Соған қарамастан, елімізде «жасыл» энергияның әлеуеті орасан зор: біз жылына 1 млрд ГВт/сағ туралы айтып отырмыз. Осыған байланысты бүгінде әлемдегі ірі компаниялар инвестиция салуға үлкен қызығушылық танытып отыр, – дейді Тоқаев.
Қазақстан жақын жылдары ірі климаттық саммит өткізеді
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне алаңдайтынын айтты. Ол 2050 жылға қарай жаһандық температураның көтерілуін 1,5 градус Цельсий деңгейіне дейін шектесек те, Орталық Азияда температураның 2-2,5 градусқа көтерілуіне тап болуы мүмкін екенін айтады.
Өңірлік үдерісті нығайту және бірлескен күш-жігерді жандандыру үшін Қазақстан 2026 жылы Орталық Азияның аймақтық климаттық саммитін өткізу туралы бастама көтерді. Біздің еліміз ТМД елдерінде алғашқылардың бірі болып ірі энергетикалық, мұнай-газ, өнеркәсіптік, химия және тау-кен өндіруші кәсіпорындардағы парниктік газдар шығарындысы сауда жүйесін (GTS) іске қосты, – деді президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 наурыз күндері Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапармен барады.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізеді. Оған қоса Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысына қатысады.
Бұған дейін Қазақстан Әзербайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін арттыратыны белгілі болды.
Алмасадам Сәтқалиев болашақта Қазақстандағы мұнай өндірісі артатынын айтады. Соны ескере отырып Ұлттық компаниялар алдына тасымалданатын мұнай көлемін міндеті қойылған.
«Біздің Ұлттық компанияларымыздың алдына Қазақстанда өндірістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты, қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті кездесу барысында А.Сәтқалиев.
Сондай-ақ Әзербайжан мен Қазақстан арасында фито-санитариялық бақылау күшейетінін жазған едік.
Сенат депутаттары Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациалайтын заң қабылдады.