Жаңалықтар

Дербес деректері таралып кеткен қазақстандықтар Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуі керек

Қазақстандықтар дербес деректері бойынша Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуі керек / Фото: архив kursiv.media

EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы жеке деректеріне қатысты хабарлама алған азаматтар Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуі керек. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осындай хабарлама таратты.

«Егер сіз хабарлама алған болсаңыз және «МҚҰ Robokesh.kz» ЖШС-нің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім бермеген болсаңыз Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз. Бұл кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті шараларды толық қарастыру және қабылдау үшін қажет», – деп хабарлады ведомство.

ҚР Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

2 млн-нан астам жеке дерек таралып кеткен

2024 жылғы 5 наурызда Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымы клиенттерінің 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралып кеткені анықталды.

Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректері анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн (zaimer.ru – 16.8 млн, adengi.ru -6.8 млн), Филиппин – 5 млн (digido.ph), Вьетнам – 2 млн (vietloan.vn) деректері бар.

Цифрлық даму министрлігі азаматтарға үндеу жолдады

Сондай-ақ «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ таратылған деректерге талдау жүргізді. Цифрлық даму министрлігі клиенттердің жеке басын анықтау нәтижелері бойынша азаматтарға EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы тиісті хабарламалар жолдады.

Осы факт бойынша қазақстандықтардың дербес деректері тараған дерекқор операторларына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізу жоспарлануда.

Үндеуді ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Әтен жариялады.

«Сізге eGov қосымшасы арқылы жеке деректеріңіздің таралып кеткені туралы хабарлама келсе, Zaimer микрокредиттік ұйымының клиенті болмасаңыз да, міндетті түрде Цифрлық министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз. Бұл сіздің жеке деректеріңіздің қауіпсіз болуы үшін қажет!», – деп жазылған хабарламада.