Қор нарығына шолу: Saudi Aramco есебі, АҚШ нарығындағы «көпіршікке» қатысты алаңдау

Жарияланды
Қор нарығына шолу / Фото:REUTERS/ Ali Jarekji/File Photo

Saudi Aramco компаниясы Қытайда мұнайға деген сұраныстың артқанын мәлімдеді. АҚШ қор нарығындағы сарапшылар «көпіршікке» қатысты шамадан тыс алаңдау туғанын айтып отыр. Алайда жаңа банктік дағдарыстың туу ықтималдығы нарық қатысушыларын бей-жай қалдырмасы анық.

Уолл-стрит сарапшылары: қор нарығындағы көпіршікке қатысты алаңдауды асыра сілтеу деп бағалайды

2023 жылдың қазан айынан бастап S&P 500 индексі 25%-ға артты. Бірақ бұған тек кейбір компаниялардың өсуі ықпал етті. Goldman Sachs мәліметтері бойынша, қазіргі кезде АҚШ-тағы 10 эмитент S&P 500 нарықтық капитализациясының 33%-ын және осы индекс кірісінің 25%-ын құрайды.

Мұндай тығыз концентрация нарықтағы «көпіршікке» қатысты алаңдаушылыққа әкелді. Yahoo Finance сауалнамасына қатысқан сарапшылар бұл асыра айтылған деп санайды. Бұл пікірге Citi акциялар стратегиясының директоры Дрю Пети да қосылады. Wedbush талдаушысы Дэн Айвс сонымен қатар қазіргі кездегі компаниялардың жоғары кірісіне назар аударды. Ол 1999-2000 жылдар аралығында көптеген тәуекел болғанын айтады. Мысалы, монетизацияның болмауы, инфрақұрылым, әлсіз баланстар, қауіпті бизнес модельдер және мүлдем басқа макроэкономикалық жағдай.

АҚШ-тағы банктік дағдарыстан бір жыл өткен соң қандай қорытынды жасауға болады?

Өткен демалыс күндері БАҚ АҚШ-тағы банк дағдарысына қатысты көптеген материал жариялады. Дағдарыс дәл бір жыл бұрын Қазынашылық салымдардан түсетін кірістің төмендеуіне байланысты Silicon Valley Bank құлдырауынан басталды. Содан кейін көп ұзамай First Republic және Signature Вank қатты құлдырады. Нәтижесінде Silicon Valley, First Republic және Signature Bank басқа мықты ойыншыларға сатылды. Ал шығындар америкалық банктердің жалпы қорының есебінен жабылды.

NYT жазғандай, қазір көптеген банкирлер бұл кезеңді «аймақтық банк дағдарысы» деп атап отыр. Осылайша олар бұл саладағы проблемалар азайды дейді. Бірақ АҚШ-тағы сарапшылар коммерциялық және тұрғын үй нарығындағы тәуекелдердің артқанын, сондай-ақ рейтингі төмен банктер санының өскенін атап өтеді.

Реттеушілер бірқатар шараларды жоспарлап отыр. Соның ішінде ірі банктердің несие мен басқа да міндеттемелерге байланысты тәуекелдерін өтеуіне қажетті «Базель III» халықаралық келісімі. Алайда, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл бұл бастаманы қайта қарастыруға болатынын атап өтті. Бірақ бұған ірі банктер қарсы. Олар стандарттарды қатаңдату несиелеу көлеміне кері әсер етуі мүмкін деп санайды.

Bloomberg 2023 жылғы дағдарысты еске түсіре отырып, New York Community Bancorp (NYCB) өткен аптада IV тоқсандағы нашар есептен кейін инвесторлар тобынан шұғыл түрде  1 млрд доллар көлемінде капитал тартуға мәжбүр болғанын жазады. Банк шығынға ұшырады, дивидендтерді қысқартты.

Бір қызығы, NYCB өткен жылғы дағдарыс жеңімпаздарының бірі болды. Банк депозиттер мен Signature Bank несиелерінің бір бөлігін сатып алды. Сондай-ақ жалпы пайда бойынша бәсекелестердің көпшілігінен озып кетті.

Американың коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс

ВВС-дің жазуынша, АҚШ-тың коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемалар жаңа банктік дағдарыс тудыруы мүмкін. Басылым Штаттарда, Еуропада және Жапонияда кеңсе ғимараттарына деген сұраныс енді ешқашан пандемияға дейінгі кезеңге оралмайды дейді.

Moody ‘ s Analytics мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ -тағы кеңселердің шамамен 20%-ы бос. Бұл 40 жылдағы ең жоғарғы деңгей. Кеңселер, қонақ үйлер, тіпті қоймалар да  көп пәтерлі үйлерге айналады.

2020-2022 жылдардағы АҚШ-тағы құрылыс салушылардың шығындары 660 миллиард долларды құрады. Салынған ғимараттардың құны төмендеді. Ұлттық Экономикалық зерттеулер бюросының (Кембридж, АҚШ) ақпаратына сәйкес, коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарысқа байланысты 300-ге жуық америкалық Банк банкротқа ұшырау алдында тұр.

Saudi Aramco Қытайда мұнайға сұраныстың артқанын мәлімдеді

Saudi Aramco бас директоры Амин Насер жексенбі күні компания Қытайға инвестиция салуды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұнайға сұраныс тұрақты және өсіп келеді. Saudi Aramco болжамына сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік мұнай нарығына сұраныс күніне 104 млн баррельді құрайды. Reuters Амин Насер 2023 жылғы Қытайдың мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы бірқатар мәмілелерді жариялады дейді.

Сауд Арабиясының мемлекеттік компаниясы Saudi Aramco– әлемдегі мұнай қорларының шамамен 12% – ын құрайтын ірі компанияларының бірі. Сондықтан компания болжамдары мен мәлімдемелері нарық үшін маңызды.

Бірақ Saudi Aramco үшін 2023 жылдың қорытындысы нашар болды. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты компанияның таза кірісі 24,7% – ға, 121,3 миллиард долларға дейін төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз