Президент қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен  құттықтады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Қасиетті Рамазан айы басталды/ muftyat.kz және freepik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рамазан айының басталуымен құттықтады.

«Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.  Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.  Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді», –деді Президент құттықтауында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алатынын атап өтті.  

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ да берекелі Рамазан айының келуімен құттықтады.

«Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

«Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады», – деді Бас мүфти.

Бас мүфти ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес, ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы екенін атап өтті.  Сондай-ақ барша қазақстандықтарды қайырымдылық жасауға шақырды.

ҚМДБ биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен келісе отырып, Рамазан айының басталатын уақытын есептеп шығарған.

Нәтижесінде пәтуа саласына жауапты ғалымдарымен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні 11 наурызға бекітілген.

«Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-інен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді»,- дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Сонымен бірге биыл уақыт белдеуінің ауысуына байланысты намаз уақыттары мен ауыз бекіту, ауызашар уақыттары белгіленген. Ол кестені азаматтар ҚМДБ сайтынан жүктей алады. Сайтта облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығы 6000 елдімекеннің ораза және намаз кестесі орналастырылған. Оны мына сілтеме арқылы алуға болады.

Еске сала кетсек, мүфтият уақыт белдеуінің ауысуына байланысты 1 наурыздан бастап намаз уақыты өзгеретінін хабарлады. ҚМДБ UTC+5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгеретінін айтқан болатын. Түзетілген намаз кестесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз