Жаңалықтар

Қарапайым адамдарға микронесие рәсімдеп, ақшасын алған салық органының қызметкері ұсталды

мошенничество
Салық органы қызметкері интернет-алаяқтықпен айналысқан/ Коллаж: kursiv.media

Қосшы қаласының прокуратурасы салық органы қызметкері жасаған алаяқтықты ашты. Ол 5 интернет-алаяқтық жасап үлгерген.

Оқиғаның мәнісі: Салық органының қызметкері қарапайым азаматтарды декларация тапсыру қажет екенін сылтауратып шақырған. Сосын олардың жеке және биометриялық деректерін өзінің ұялы телефонына түсіріп, онлайн  микро-несиелер рәсімдеген. Ақшаны өзінің шоттарына аударып отырған.

Оқиға немене аяқталды: Ісі әшкере болған салық органы қызметкері ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ақмола облысы прокуратурасы азаматтарды барлық ақпаратты жан-жақты тексеріп, бейтаныс адамдардың онлайн режимде түрлі қаржылық операцияларын жүргізу туралы ұсыныстарға сыни тұрғыда қарау қажет екенін ескертеді.

Бұған дейін Ұлттық Банк алаяқтық жиілеп кеткенін ескертті. Алаяқтар өзінің «құзыретін» дәлелдеу үшін жалған құжат көрсетеді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарды үш түрлі тәсілмен алдап жүр. Біріншісі, өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырады. Сонымен бірге өзін «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» деп те атайды. Екіншісі, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді «бұзып», алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Үшіншісі, алаяқтар мобильді банкинг арқылы ойдан шығарылған тауарды сатып, салық (қызмет) төлеп немесе банк шотына шектеу қойып ақшаны онлайн ұрлайды.

Еске салайық, 2023 жылғы қаңтар-қараша қорытындысы бойынша, елімізде алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны жымқырған.

Былтырғы 11 айда елімізде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.

Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде үш түрлі жолмен жасалған алаяқтық тіркелген. Олар: төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер.