Жаңалықтар

Қаржы министрлігі ауылдық округтерге жыл сайын қосымша шамамен 100 млрд теңге салық түседі деп болжады

2023 жылы ауылдық округтерге түскен салықтардың мөлшері 24,1 млрд теңгеге артты / коллаж kursiv.media

ҚР Қаржы министрлігінің болжамы бойынша ауылдық округтерге жыл сайын қосымша шамамен 100 млрд теңге түсетін болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың депутаттардың сауалдарына берген жауабында жазылған.

«Субвенциялар мен трансферттердің көлемдерін анықтау мәселелеріне қатысты ҚР Бюджет кодексінің 45-бабының 6-тармағына сәйкес жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде өңірдің салықтық әлеуеті, өңірдегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді тұтынушылар саны және сол немесе өзге де өңірдің өзіндік ерекшелігіне байланысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну жөніндегі шығыстарға әсер ететін факторлар ескеріледі», – деді жауабында министр.

Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қалай айқындалады?

Жалпы сипаттағы трансферттер (ЖСТ) көлемі тиісті жергілікті бюджеттің кірістері мен шығындарының болжамды көлемдері арасындағы айырма ретінде айқындалады. Төртінші деңгейдегі бюджеттердің кірістері мен шығындарының болжамды көлемдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы дербес есептейді.

«Аудандық бюджет пен төртінші деңгейдегі бюджеттердің арасындағы ЖСТ көлемдері «сырғымалы» негізде жыл сайын жоспарлы кезеңге белгіленеді. Сонымен қатар қазіргі уақытта жаңа Бюджет кодексі шеңберінде барлық деңгейдегі бюджеттер арасында ЖСТ есеп-қисабының үлгілік әдістемесін бекіту қарастырылуда. Бюджетаралық қатынастардың басымдығы өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту және базалық көрсетілетін қызметтер бойынша аз қамтамасыз етілген өңірлерді қолдау болып табылады», – деп жазылған құжатта.

Ең төменгі стандарттар ұғымы енгізіледі

Министрдің жауабына сүйенсек, жаңа Бюджет кодексі шеңберінде ең төменгі стандарттар ұғымы енгізіледі. Әлеуметтік, инженерлік-коммуникациялық, көліктік және өзге де инфрақұрылымның ең төменгі стандарттарын ескеріледі. Осылайша бюджет шығыстарын жоспарлау үшін заңнамалық негіз қаланды. Тиісті ережелер Құрылыс кодексінің жобасына да енгізілді. Бұл ретте, республикалық деңгейде тек аса маңызды және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр.

Ал барлық базалық инфрақұрылым жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады

Бүгінгі таңда, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде ауылдық округтердің дербестігі үшін салықтар мен төлемдердің 25 түрі, оның ішінде 8 салық және 17 салықтық емес төлем белгіленген. Оның ішінде 2022 жылы бюджеттің IV деңгейіне 4 төлем бойынша түсімдер (БЖС, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түскен түсімдер және жер учаскелерін сатқаны үшін төлем) берілді. Олар бойынша 2023 жылы түсімдер 15,9 млрд теңгеге өскен.  

Жалпы, 2018 жылдан 2023 жылға дейін бюджеттің IV деңгейіне (3 санат бойынша) 241 млрд теңге түскен. Оның ішінде 2018 жылы – 32,2 млрд теңге, 2019 жылы – 33,4 млрд теңге, 2020 жылы – 33,7 млрд теңге, 2021 жылы – 31,9 млрд теңге, 2022 жылы – 42,1 млрд теңге және 2023 жылы – 67,7 млрд 3 теңге.

«Осылайша, аталған мерзімдегі түсімдер тиісінше 32,2 млрд теңгеден 67,7 млрд теңгеге дейін, яғни шамамен 2 есеге артқан. 2023 жылдың қорытындысын 2022 жылмен салыстырғанда салықтар 63%-ға артты немесе 24,1 млрд теңгеге артық түсті. Сонымен қатар жаңа Бюджет кодексі жобасында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге кең таралған пайдалы қазбаларға, жер асты суларына және емдік балшықтарға пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты беру көзделген», – деді ведомсвто басшысы.

Жер қойнауын пайдаланушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады

Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдар облыстық бюджеттен аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджетіне берілетін болады.

Бұдан басқа, қосымша бюджеттің IV деңгейінее салықтың мынадай түрлерін беру ұсынылады: су ресурстарын пайдаланғану үшін төлем, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдалану төлемі, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтың тиісті мәслихат айқындайтын бір бөлігі.

«ҚР Қаржы министрлігінің болжамы бойынша осы көрсетілген төлем түрлерінен ауылдық округтерге жыл сайын қосымша шамамен 100 млрд теңге түсетін болады», – деп жазылған Нұрлан Байбазаровтың жауабында. 

Еске сала кетсек, былтыр «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 млрд теңге бөлінді.