Денсаулық министрлігі  МӘМС жарнасын көтермекші: депутат Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды

Жарияланды (жаңартылды )
МӘМС
Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесіне республикалық бюджеттен дұрыс қаражат бөлінбей жатқанын айтты / Фото: kursiv.media

Асхат Аймағамбетов МӘМС жарнасының көлемін өсіруге қарсы. Бұл жайлы депутат өзінің телеграм арнасында жазды.

«Өкінішке қарай, министрлік Міндетті медициналық сақтандыру қорына міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналарды көбейту туралы идеясынан әлі бас тартқан жоқ. Бұл қорды қосымша  250 млрд сомамен қамтамасыз етеді деп күтілуде»,– деп жазды депутат.

Аймағамбетов соңғы екі жылда халықтың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны 27,7 пайыздан 31,1 пайызға өскенін айтады. 

«Яғни азаматтар міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты медициналық көмекке жұмсалатын жеке шығындарды азайтудың орнына көбірек төлей бастады»,– дейді депутат

Ол Қордың жарна көлемін ұзарту жөніндегі бастамасына мемлекеттің қор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауы себеп болып отырғанын айтады. 

«Қаржыландыру тапшылығына байланысты азаматтардан түсетін жарналарды ұлғайтқысы келген министрлік республикалық бюджеттен азаматтардың жекелеген санаттары үшін өз міндеттемелері бойынша жыл сайын жарнаны кем төлейтініне назар аударуы керек болған. Ал қорға төленбеген бұл сома тек 2024 жылдың өзінде 275 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл дегеніміз жарнаны ұлғайту есебінен түсетін қаражаттан да көп. Біз резервтерді дәл осы жерлерден іздеуіміз керек», – дейді Аймағамбетов. 

Депутат бұл тығырақтан шығудың бірнеше жолын ұсынған. Біріншіден, цифрландыруды қолға алуды ұсынған. Екіншіден, басымдығы аз  шығындарды қысқартуы керек деп санайды. Сондай-ақ түрлі талдаулар мен дәрі-дәрмектің және т.б. емдеу хаттамаларын қайта қарау қажет екенін айтқан.

Бірнеше жерде жұмыс істейтіндер МӘМС-ті қалай төлейді?

Еске сала кетсек, биылғы жылдан бастап екі немесе одан көп жерде жұмыс істейтін адамдар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен, яғни 850 мың теңгеден аспайтын табыстан ғана жарна төлейді.

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады. Бұрын шарт емханалар арқылы жасалатын. Бұл пациенттерге әсер ете ме, Қормен жұмыс істейтін клиникаларды қалай табуға болады, тісті емдеуге жолдама керек пе – осы және өзге де өзекті сұрақтарға Қор өкілі Ирина Подскочая жауап берген еді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерегінше 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде қорға 590,8 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті. 

Оның ішінде:

  • жұмыс берушілердің аударымдары – 37,7%;
  • халықтың жеңілдікті санаттары үшін мемлекеттің жарналары – 33,2%;
  • қызметкерлерден түскен жарналар – 24%;
  • басқа төлеушілер – жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, дербес төлеушілер – 5,1%.

Бұл қаражат МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем ретінде ай сайын жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыз