Polymetal Ресейдегі активтерін сату жөніндегі мәміленің толық аяқталғанын хабарлады
Polymetal International plc Ресейдегі үлесін «Мангазея плюс» АҚ компаниясына сатты. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметі Polymetal International plc компаниясы акционерлер жиналысында мақұлдаған және барлық кейінге қалдырылған шарттардың орындалғанын және «Мангазея Плюс» АҚ компаниясына «Полиметалл»АҚ-ның топтың ресейлік активтерінің холдингтік компаниясының 100% акциясын сату бойынша бұрын жарияланған мәміленің сәтті жүзеге асқанын хабарлады.
«Біз акционерлердің ресейлік бизнесті сатуға қолдау көрсеткеніне қуаныштымыз. Бұл мәміленің жабылуымен негізгі тәуекелдер жойылды. Енді менеджмент бойынша мамыр айында капиталды бөлудің жаңа стратегиясы мен саясаты енгізіледі», – деді Polymetal-дың бас атқарушы директоры Виталий Несис.
2024 жылғы 19 ақпанындағы мәміле шарттарында көрсетілген келісім негізінде компания таза сыртқы қарызының көлемін 2,2 миллиард АҚШ долларына қысқартқан. Салықты шегергеннен кейін 1,04 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі топішілік қарызды толығымен өтеді және компания салықтарды төлегеннен кейін 300 миллион доллар көлемінде қаражат алған.
Мәміле жабылғаннан кейін топтың таза ақшалай позициясы шамамен 130 миллион долларды құрайды.
Полиметал неге Қазақстанға көшті?
Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын Polymetal акционерлері ресейлік активтерді сату туралы келісімді мақұлдады. Акционерлердің 96,74%-ы компанияның ресейлік активтерін сатуды қолдады. 1,44%-ы қарсы шығып, 1,82%-ы қалыс қалған. Дауыс беруден кейін компанияның 2024 жылдың 19 ақпанында жарияланған ресейлік бизнесті сату туралы бастамасы мақұлданған болып есептелген.
Сол кездегі ақпаратта компанияның ресейлік активтерінің 3,69 млрд долларға сатылатыны айтылды. Келісімнен кейін түскен пайдадан 300 млн долларды Ертіс тау-кен өндірісіндегі құрылысқа және компанияның дамуына жұмсау жоспарланған.
2023 жылы мамырда АҚШ «Полиметалл» АҚ-ты (Ресейде тіркелген компания) санкциялық тізімге енгізді. Санкцияға ұшыраған соң, компания акционерлері Қазақстанға ауысуды мақұлдады. Компанияның Қазақстанға ауысуын акционерлердің 92%-ы қолдаған.
2023 жылдың тамыз айында ресейлік Polymetal International plc компаниясы Джерси оффшорлық аралынан көшті. Нәтижесінде Астана халықаралық қаржы орталығына көшу жұмыстары толық аяқталды.
Компания Қазақстанға көшкеннен кейін ресейлік бизнесті бөлуді жоспарлаған. Бірақ АҚШ санкциялары бұл процесті қиындатып жіберді. Соған байланысты Polymetal Ресей Федерациясындағы активтерін сату туралы шешім қабылдаған.
Polymetal International plc – Қазақстандағы екінші ірі алтын өндіруші компания. Оның Қазақстанда екі өндіріс орны бар. Олар – Абай облысындағы Қызыл кеніші мен Қостанай облысындағы Варваринское кеніші. Компания АХҚО-да тіркелген. Компанияның ең ірі акционері – Омандағы Maaden International Investment, ол Polymetal-дың 23,9% акцияларына иелік етеді. Ал компанияның 75% акциялары АХҚО (AIX) және Мәскеу биржасында (MOEX) еркін айналымда.