Ресейдің қару-жарақ экспорттаудағы үлесі төмендеп, үшінші орынға түскен
2019-2023 жылдар аралығында Ресейдің қару-жарақ экспортының көрсеткіші 2014-2018 жылдармен салыстырғанда 53%-ға төмендеген. Солайша Ресей бірінші рет үздік экспорттаушы қатарынан үшінші орынға түскен. Бұл туралы Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасында айтылған.
Зерттеулерге сенсек, Ресейдің әлемдік нарықтағы үлесі 11%-ды құраған. Ресейді Франция мемлекеті басып озған. Бұл елде өсім 47%-ды құрап, әлемдік экспорттағы үлесі – 11%ға жеткен. Ал АҚШ-тың әлемдік экспорттағы үлесі – 42%-ға артқан.
Әлемдегі ең ірі қару-жарақ экспорттаушылардың ондығына бұл елдерден бөлек Италия (+86%, әлемдік нарықтың 4,3%), Оңтүстік Корея (+12%, әлемдік нарықтың 2%), Қытай (-5,3%, әлемдік анрықтағы үлесі – 5,8%), Германия (-14%; 5,6%), Ұлыбритания (-14%; 3,7%), Испания (-3,3%; 2,7%) және Израиль (-25%; 2 ,4%) кірген.
SIPRI деректеріне сәйкес, 2019 жылға дейін Ресей 31 елге қарудың негізгі түрлерін экспорттап келген. Бірақ 2023 жылы олардың саны 12-ге дейін қысқарған. Жалпы Ресейден қару алу бойынша бірінші орында Үндістан тұр. Бұл елдің Ресейдің жалпы қару экспортындағы үлесі 34%-ды құрайды. Сонымен бірге Ресей қаруының 21%-ын Қытай, 7,5% Мысыр елі сатып алған.
2023 жылдың наурыз айында жарияланған SIPRI есебіне сәйкес, Ресей 2013–2017 және 2018–2022 жылдары ең көп қару-жарақ экспорттайтын елдер қатарында алдыңғы орындарда болған. Ол АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған. 2018-2022 жылдарда Ресейдің жалпы нарықтағы үлесі 16 пайызды құраған.
Еске сала кетсек, Армения Ресей қару-жарағы мен әскери техникасына деген тәуелділігін 10 пайызға дейін төмендеткенін мәлімдеді.
2020 жылдан бастап, Ереванның жалпы әскери-техникалық ынтымақтастығының 96 пайызы Мәскеумен байланысты болғанын, ал 2021 жылдың қаңтарынан бастап Армения әртүрлі елдермен бірнеше миллиард долларлық келісім-шарттар жасап, бұл көрсеткіштерді айтарлықтай азайтқан.
«Бұл келісімшарттарда ресейлік көлем 10%-дан аз. Яғни Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастық 96%-дан 10%-ға дейін төмендеді», – деген Григорян.
Қауіпсіздік кеңес хатшысы «Ресейдің өз таңдауына» байланысты Арменияның бұл саланы әртараптандыруға мәжбүр болғанын айтқан. Соның нәтижесінде 2023 жылдың 15 қарашасында Армения премьер-министрі Никол Пашинян республикаға қару-жарақ жеткізу бойынша жаңа серіктестер іздейтіні жайлы хабарлаған. Пашинян сол кезде Ресейдің ақысы төленген қару-жарақ жеткізілімдері бойынша талаптарды орындамай жатқанын айтқан.