Жер қойнауын пайдаланушылар өңдеу жұмыстарын бастамас бұрын кен орнына тәуелсіз сараптама жүргізуге міндеттеледі 

Жарияланды
тәуелсіз сарапшылар
Энергетика министрлігі тәуелсіз сарапшыларды тартуға кететін қаражат көлемін де бекітті / Фото: kursiv.media

Жер қойнауын пайдалану шеңберінде жобалау құжаттарына сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларына өзгеріс енгізілді. 

Оған сәйкес, барлау жұмыстары мен сынамалық пайдалану жобасына 1 тәуелсіз сарапшы шақыртылуы керек. Ал  даму жобасын әзірлеу мен талдауға 2 тәуелсіз сарапшы тартылады.

Орталық комиссия жобаны жер қойнауын пайдаланушыдан алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға жібереді. Сонымен бірге бұл жөнінде жер қойнауын пайдаланушыны бір мезгілде хабардар етуі керек. 

Бұдан әрі сарапшының қорытындысы көмірсутектер кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияға ұсынылады.

Жобалардың тәуелсіз сараптама ақысы жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектердің барлау сатысына немесе геологиялық қорларына байланысты төлейді. 

Өзгертілген қағидалар бойынша сарапшы жұмысына төленетін ақы көлемі бекітілген. Оған сәйкес іздеу және бағалау жұмыстары кезіндегі сарапшы еңбегі 0,6 млн теңгеден аспайды. Сынамалық пайдалану кезінде 0,8 млн теңге көлемінде бекітілген. 

Ал өнеркәсіптік пайдалануға алғаш рет енгізілетін геологиялық қорлары 10 млн тоннаға дейін мұнай немесе 3 млрд м3-тен аз газ немесе 300 мың тоннаға дейін мұнай өндірілетін қалдық қорлары бар кен орнын игеру кезінде 1,2 млн теңгеден аспайтын ақы төленеді. 

Энергетика министрінің бұл бұйрығы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Тағы қандай өзгерістер енгізілді?

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде ҚР Энергетика министрлігі көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгеріс енгізген болатын.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес тауарлық газ ресурстық базасын кеңейту шаралары қолға алынады. Газ кен орнын игеру шеңберінде кешенді газ тазарту қондырғысын салуда, шикі газды дайындау және өңдеу үшін дайындық кезеңінде ұңғымаларды салу және шикі газды газ өңдеу объектілеріне немесе газ өңдеу құрылыстарына тасымалдау мақсатында тауарларды бір көзден сатып алу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек.  

Сонымен бірге жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа тәртіпке сәйкес Энергетика министрлігінің жанынан ғылыми орта, қоғамдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ғылыми-Техникалық кеңес (ҒТК) құрылады. Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерді қаржыландыруы ғылыми кеңіес бекіткен бағдарламаға сәйкес, ғылыми жаңалықтар ескеріле отырып және энергетика саласындағы басым бағыттар негізге алына отырып жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз