2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке медициналық кітапшаны онлайн алуға болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бұл азаматтарға медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жұмысқа жіберу туралы мөртаңба (штамп – ред.) алу үшін терапевтке қайта бару қажеттігін болдырмайды, – делінген хабарламада.
Жеке медициналық кітапша электрондық форматқа ауысқаннан кейін нәтижелерді жеке кабинеттен алуға болады.
Министрліктің хабарлауынша, жеке медициналық кітапшаны беруді автоматтандыру процесі соңғы кезеңде тұр. Қазіргі уақытта медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның нәтижесінде «Е-Денсаулық» сервисі «Жеке медициналық кітапша» модулінің деректерін қабылдауды бастайды.
Айта кетейік, Денсаулық министрлігі МӘМС жарнасын көтермекші. Мұны депутат Асхат Аймағамбетов сынға алды.
«Өкінішке қарай, министрлік Міндетті медициналық сақтандыру қорына міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналарды көбейту туралы идеясынан әлі бас тартқан жоқ. Бұл қорды қосымша 250 млрд сомамен қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр»,– деп жазды депутат.
Аймағамбетов кейінгі екі жылда халықтың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны 27,7 пайыздан 31,1 пайызға өскенін айтады.
«Азаматтар міндетті медициналық сақтандырудың енуіне байланысты медициналық көмекке жұмсалатын жеке шығынды азайтудың орнына көбірек төлей бастады»,– дейді депутат.
Бұған дейін 2024 жылы жұмыс берушілер мен бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдар қанша МӘМС жарнасын төлейтінін жазған едік.
Биыл екі немесе одан көп жерде жұмыс істейтін адамдар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен, яғни 850 мың теңгеден аспайтын табыстан ғана жарна төлейді.
Жұмыс берушілер МӘМС-ке ай сайын 25 500 теңгеден аспайтын төлем аударады. Бұл – 850 мың теңгенің 3%-ы. Ал қызметкердің төлейтін жарнасы барлық жұмыс орнынан түскен ортақ табыс негізінде есептеледі. Бұл – 17 мың теңге. Бұл – ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінің 2%-ы.
МӘМС-ке жұмыс берушілер аударатын ақша жалпы табыстың 3%-нан, ал қызметкердің төлейтін жарна 2% -дан аспауға тиіс.