Алматыдан пәтер сатып алатындар күрт азайды
Алматыда ақпан айында тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 6 434 мәміле тіркелді. Бірақ бұл айда қаладан пәтер алатындар саны күрт азайған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Алматы тұрғын үй алу-сату бойынша аймақтар арасында көшбасшы. Дегенмен қаңтармен салыстырғанда ақпан айында оңтүстік мегаполистен пәтер алатындар саны төмендеді – 22% (2024 қаңтар – 8246 мәміле).
2024 жылғы ақпанда Алматыда жеке үйлер бойынша барлығы 477 мәміле және пәтерлер бойынша 5 957 мәміле тіркелді. Әсіресе, бір бөлмелі пәтерлер көп рәсімделген – 2 822 мәміле.
Үй бағасы бойынша бір ай ішінде Алматыдағы тұрғын үйдің шаршы метрі былай арзандады:
- Жаңа үйлер нарығы – 1,4%;
- Қолданыстағы үйлер нарығы – 0,4%;
- Жалға беру – 2,9%.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы ақпандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне қатысты есебін жариялады.
Бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3% өсті. Ал қайталама нарықтағы баға 3,3% төмендеді. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 2,9% қымбаттады.
Жалпы тұрғын үй нарығында оң динамика байқалады
2024 жылғы ақпанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті айымен салыстырғанда 26,6%-ға артты. Ол кезде 24 118 мәміле ресімделген болатын. Оң көрсеткіш Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан басқа елдің барлық аймағында тіркелді, ондағы азаю сәйкесінше 18,3% және 8,7% құрады. Павлодар облысында ұлғаюдың ең үлкен көрсеткіші (75,4%) тіркелді. 2024ж. қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санының 2023ж. қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 28,6% оң динамика байқалды.
Бұған дейін, Алматыда қаңтар, наурыз айларында 4-5 балдық жер сілкіністері болып, жер үйлерге сұраныс артты.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 10 қарашада елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны жарияланды.
«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады«Отбасы банкі» АҚ баспасөз қызметі.
16 қарашада «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқанына қатысты пікір білдірді.
«Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді Ләззат Ибрагимова.
1 наурыз «9-20-25» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды.