Ұлттық экономика министрлігі «Сән-салтанат» салығының мөлшерін арттыруды ұсынып отыр
Ашық НҚА порталында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (Салық кодексі) жобасына Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты жария талқыға шығарылды. Құжаттың назар аударатын бір тұсы қымат мүлікке салынатын «Сән-салтанат» салығы.
Ұлттық экономика министрлігі тапсырманы қолданыстағы салықтар шеңберінде іске асыруды ұсынды.
«Мәселен, жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда ставкаларды арттыру ұсынылады», – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар министрлік елімізде қанша адамда яхталар немесе жеке ұшақ секілді қымбат мүлік бар екені туралы ақпарат беріпті.
«Мысалы, жеке тұлғаларда 490 яхта бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы-шамамен 190 мың теңге (55 АЕК). Мөлшерлемені яхталардың ұзындығына қарай көбейту ұсынылады. Мысалы, Еуропа елдеріндегідей салық мөлшерлемесін анықтау үшін қолдануға болады. 5 метрден астам яъта «сән-салтанатқа» жатады», – деп жазылған құжатта.
Шетелдік тәжірибе қалай?
Министрлік келтірген дерекке сәйкес Грецияда ашық яхталарға арналған «сән-салтанат» салығы жылына 780 еуродан (383 мың теңге) 2340 еуро (1 млн 149 мың теңге) дейін белгіленген. Ал егер яхта 12 метрден асса, салық сомасы тағы артады.
Құжатта алкоголь өнімдері мен сигаралардың қымбат түрлеріне акциздер салу ұсынылды
«Мысалы, күшті ликер мен арақ өнімдерін – 0,70 литр үшін 5 995 968 теңге сомасына «MACALLAN 50YO» виски (акциздің сомасы – 714 теңге). Ал 3 литр үшін 4 225 131 теңге сомасына «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньяк (акциздің сомасы-300 теңге). «Сhateau Petrus» шарабы әкелінді 0,75 литр үшін 888 929 теңге сомасына (акциздің сомасы-26 теңге). Сондай-ақ 15 дана үшін 143 100 теңге сомасына «Cohiba» сигаралары, 40 дана үшін 120 000 теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді», – деп көрсетілген құжатта.
Өзгерістердің мақсаты – халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын теңестіру
Бұл өзгерістер халықтың әртүрлі топтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын теңестіруге бағытталған. Сонымен қатар бюджет кірістерін ұлғайту, тауарлардың жекелеген түрлерін тұтыну деңгейін реттеу. Бұған қоса «сән-салтанат» заттарына қатысты тауарларды ішкі тұтынуды азайту көзделген.
«Сән-салтанат» салығын басқару шығындары оны өндіріп алудан түскен кіріс сомасынан асып кетуі мүмкін», – деп хабарлады ҰЭМ.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік банк Қазақстанға байлық салығын енгізуді ұсынды.
Қазақстанда біраз уақыттан бері «сән-салтанат салығын» енгіз ұсынысы айтылып келеді.
Былтыр Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі көбейтілген салық құнына қатысты бір шешімге келген еді. Енді 50 млн теңгеден асатын көлік иелері мен 10 және одан да көп пәтері барлар көбейтілген салық төлейді. Бұл туралы Сенатта вице-министр Азамат Әмрин мәлім еткен болатын.
ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров 6 млн теңгелік Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын түсіндіріп өтті. Оның айтынша, Үкімет осыған дейін қазақстандықтардың меншігінде қанша яхта, ұшақ, қымбат автокөлік бар екенін хабарлаған. Байлық салығы осыларға салынады.