Жаңалықтар

Түркістан облысындағы «Бөген» су қоймасына жарылу қаупі төніп тұр ма?

Әкімдік «Бөген» су қоймасына қауіп төнбегенін мәлімдеді / Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысының әкімдігі танымал қазақстандық ауыл шаруашылығы маманы Кирилл Павловтың «Бөген» су қоймасының жарылу қауіпі туралы ескертуіне жауап берді. Әкімдік берген ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта су қоймасында төтенше жағдай қауіпі төніп тұрған жоқ.

«Бөген» су қоймасы Түркістан облысы әкімдігінің қарамағында. Жергілікті билік мәлімдегендей, 2021-2022 жылдары төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Бөген» су қоймасында қауіп жоқ

 «Су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қоймадағы су авариялық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен қамтамасыз етілген. Су қойманың пайдалану ережесі 1967 жылы «Союзгипрорис» институтының жобасы бойынша әзірленіп, пайдалануға берілген. 2017 жылы «Қазсушаржоба» РМК ОҚФ «Оңтүстіксушаржоба» ӨБ арқылы жаңартылды. Қазіргі уақытта Бөген су қоймасының пайдалану режимі әзірленіп, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына келісуге жіберілді», – делінген Түркістан облысының әкімдігі таратқан хабарламада.

Бөген су қоймасында 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн текше метрге (2023 ж. 363,1 млн.м3) аз. Бүгінде аталған су қоймасына секундына 45,6 текше метр су келіп, 15 текше метр су шығады. Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы сыйымдылығы 370 млн.м3 құрайтын «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Жалпы суармалы жер көлемі 67 мың гектар.

Сарапшының алаңдауына негіз бар ма?!

Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Кирилл Павлов «Бөген» су қоймасының жарылу қаупі төнгенін айтып алаңдаған еді. Ол 2019 жылы Арыс-Түркістан каналын цифрландыру жобасын басқарғанын және аумақты жақсы білетінін жеткізді.

«Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Су министрі Нұржігітовтің назарына! Бөген су қоймасы жарылады. Мен мұны маман ретінде айта аламын. Жол жиектерін қоқыспен толтырмай, жағаларды бетондау керек еді. Бірақ бұл мәселемен әкімдіктегі бір шенеуніктің туыстары емес, тәжірибелі мамандар айналысуы керек еді. Олардың не істегенін білесіздер ме?! Олар бұзылу қаупін жою үшін су деңгейін түсірді. Оның салдары неге әкелетін білесіз бе?! Аз су болса, егін көлемі де аз болады. Өнім аз болған жерде – жалпы өңірлік өнім көлемі төмен болады. Аз экспорт-көбірек субсидиялар. Оның соңы әлеуметтік шиеленіс пен наразылықтың көбеюіне әкеледі. Сәйкесінше, аймақ үшін мәселелер арта түседі», – деп жазды Кирилл Павлов өзінің Telegram арнасында.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 трлн теңге қажет екенін мәлімдеді.

«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді  жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 трлн теңге қажет», – деді министр.