ОПЕК мұнайға сұраныс бойынша болжамын өзгеріссіз қалдырды
ОПЕК мұнайға сұраныстың өсу қарқыны туралы болжамын жариялады. Сұраныс 2024 жылы тәулігіне 2,2 млн баррель және 2025 жылы тәулігіне 1,85 млн баррель болады, деп жазылған ұйымның айлық есебінде.
Сарапшылар 2023 жылы мұнайға деген сұранысты 50 мың баррельге өсті деп есептейді. Яғни тәулігіне 102,21 млн баррельге дейін. Биылғы жылы аталған шикізатты тұтыну 2,25 млн баррельге артады деп күтеді.
Тоқсандық сұраныс өзгере ме?
Сонымен қатар жыл ішінде бірінші тоқсандағы сұранысты бағалау тәулігіне 10 мың баррельге өсті. Екінші және үшінші тоқсанға арналған болжам өзгерген жоқ.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Азия-Тынық мұхиты аймағында 2024 жылдың бірінші тоқсанында Жапония мен Оңтүстік Кореяның өнеркәсіптік және мұнай-химиялық секторлары тұралап қалуы мүмкін деп есептейді. Соған байланысты аздап сұраныс төмендейді. Дегенмен бұл Үндістан мен басқа азиялық елдердегі сұраныс нәтижесінде білінбейді», – деп жазылған баяндамада.
ЭЫДҰ елдеріндегі мұнайға сұраныс артады
ОПЕК ЭЫДҰ елдеріндегі мұнайға сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 0,3 млн баррельге артады деп есептейді.
ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде Қытай және Таяу Шығыс, басқа Азия елдері, Үндістан мен Латын Америкасының қолдауының арқасында мұнайға сұраныс жылына 2 миллион баррельге өседі деп күтілуде.
Сарапшылардың пікірінше, 2024 жылы сұраныс әуе қатынасы мен жүк тасымалына, сондай-ақ өнеркәсіптік, құрылыс және ауылшаруашылығына сұраныспен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде. Сонымен қатар мұнайға сұраныс негізінен Қытай мен Таяу Шығыста артады деп болжануда. Салалар бойынша мұнай-химия секторының үлесі жоғары болмақ.
ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде сұраныс азая ма?
2025 жылы әлемдік мұнай сұранысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне 1,85 млн баррельге артып, 106,3 млн баррельге жетеді. ЭЫДҰ елдерінде өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 млн баррель болады деп күтілуде. Ал ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде сұраныс тәулігіне 1,7 млн баррельге артатыны болжанып отыр.
2024 жылдың қаңтар айындағы алдын ала деректер бойынша, ЭЫДҰ елдерінің коммерциялық мұнай қоры 26,8 миллион баррельге – 2,735 миллиард баррельге дейін азайды. Бұл 192 миллион баррельді құрайды. 2015-2019 жылдардағы орташа деңгейден төмен.
Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 82 мың баррельге қысқартады
Еске сала кетсек, Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндіруді қысқартуға келіскен. Бұл жөнінде 30 қарашада ОПЕК+ мүше елдердің министрлерінің кездесуінен кейін, Қазақстан энергетика министрлігі хабарлады.
Қазақстан мұнай өндірісін азайтуды 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Осы уақыттан бастап елімізде мұнай өндіру тәулігіне 82 мың баррельге қысқарады. Қазақстан 2023 жылдың сәуір айынан бастап, күніне өндіретін мұнай көлемін 78 баррельге қысқартқан болатын.