«Одан еш пайда жоқ»: Эколог Елеусізов Алматыдағы дабыл жүйесіне қатысты
Эколог Мэлс Елеусізов Алматыдағы жер сілкінісі кезінде қосылатын дабыл жүйесінен еш пайда жоқ екенін атап өтті. Бұл туралы Алматы қаласында өткен баспасөз конференциясы кезінде айтты.
«Қазір дабыл қағу жүйесі туралы айтып жатыр. Одан түк пайда жоқ. Дабыл қағу деген соғыс кезінде ойлап табылған. Бомбардирлер ұшып келе жатқанда, оларды алыстан көріп, қала халқына жертөлеге жасырынуға ескерту жасаған дабыл жүйесі болған. Қазір олар не үшін керек?»,– деді эколог.
Ол дабыл жүйесінің қала тұрғындарының үрей мен қорқынышын күшейтіп, оған ақшаның бекер жұмсалатынын айтты.
«Дабыл үрей мен қорқынышты күшейтеді. Ешқандай пайдасы жоқ. Бірақ оған ақша бөлінеді. Ақшаны жымқырып алады. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлық бар жерде мұның ешбірі жұмыс істемейді», – деді Елеусізов.
Эколог Алматы қаласының тұрғындарына үйде төтенше жағдай кезінде тығылуға болатын арнайы сандықтарды алуға кеңес беретінін айтты.
«Ол ешбір шеге қағылмаған металл конструкция. Құтқарушылар келгенше, соның ішінде жата тұруға болады. Қазір салынып жатқан үйлерден жүгіріп түскенше, 30 минут өтіп кетуі мүмкін. Ал бұл сандықтарға жер сілкінісі басталған кезде 3-4 секунд ішінде жасырынып үлгеруге болады», – деді маман.
Журналист Анар Аққозы Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты тағы мәселенің беті ашылғанын айтады. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда сейсмолог ғалымдар дайындау мәселесі ақсап тұр.
«Жер сілкінісі біздің елде ғылымға қаржы бөлінбейтінін тағы да бір рет көрсетті. ЮНЕСКО-ның жер сілкінісі жөніндегі мамандары Қазақстанда сейсмология институтының жағдайы қиын екенін атап өткен. Ол жаққа жұмыс істеуге баратын адамдар саны да аз. Барған күннің өзінде оларға қажетті жалақы төленбейді»,– деді маман.
Алматыдағы жер сілкінісі
Айта кетейік, 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде дабыл қағу технологиясы жер сілкінісі тоқтағаннан кейін қағылған еді.
4 наурыз сағат 11:22-де Алматыда қатты жер тербелісі болып, халық дүрлігіп қалды. Бұл туралы Алматының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2. Магнитудасы MPV 6.1. Жер сілкінісінің координаталары – 42,93° солтүстік. 76,96° шығыс Тереңдігі 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл.
Алматыда жер сілкінісі кезінде дабыл неге қағылмаған?
Осыған дейін 24 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтқан.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.
25 қаңтарда Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте президент жер сілікінісі кезінде дабыл қағылмауын дұрыс шешім деп бағалады.
«Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын, – деді президент.
Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.