«Өзенмұнайгаз» топ-менеджері мен сервистік қызмет директоры ұрлық жасағаны үшін 8 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Өзенмұнайгаз» топ-менеджері мен сервистік қызмет директоры ұрлық жасағаны үшін 8 жылға сотталды / коллаж kursiv.media

Сот «АНСК» ЖШС директоры Саид-Адлан Бахарчиевке және «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасының директоры Жеңісбек Сүлейменовке жымқыру ісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы ақпарат Сот кабинетінің сайтында жарияланған. 

Маңғыстау облысының Ақтау қалалық соты Сервистік компанияның директоры мен ӨМГ мұнай-газ өндіру басқармасының директорын 10 жыл мерзімге Мұнай және газ өнеркәсібі саласындағы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. 

Сотталғандар «Өзенмұнайгаз» компаниясының пайдасына 130 млн теңге көлемінде материалдық айып төлеуі тиіс.

Сот барысында анықталған жайттар

Сот 2018 жылы ӨМГ бен «АНСК» ЖШС арасында 100 ұңғымаға арналған толық жиынтықты жабдықты жалға беру шарты жасалып, кейіннен 8,2 млрд теңге сомасына сервистік қызмет көрсетілуі тиіс болғанын анықтады. Жалдау мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін болған.

Іс материалдарына сәйкес, «АНСК» ЖШС басшысы Бахарчиев компрессорлық құбырларды сатып алу шығындарын көтергісі келмей, жабдық сатып алмаған. Оның орнына тапсырыс берушіге тиесілі жабдықты пайдаланып, ӨМГ қаражатын ұрлауға шешім қабылдаған.

«06.02.2020-11.01.2021 жыл аралығындағы кезеңде бірлескен құқыққа қарсы іс-қимылдар нәтижесінде ӨМГ бен «АНСК» ЖШС мекенжайына 108,4 млн теңге көлемінде 2 308 дана құбырдың құны және оларды жалға алу құны 21,7 млн теңге көлемінде толық төлем жүргізді. Осылайша, мемлекетке ӨМГ атынан жалпы сомасы 130 108 118 теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді», – делінген үкім мәтінінде.

Бұл ұлттық компанияны тексергеннен кейін шығарылған алғашқы сот шешімі.

Оқиға барысы

Осыған дейін ҚМГ «Өзенмұнайгаз» бен оның мердігерлерін тексеру қорытындысын жариялаған. ӨМГ қаржылық-шаруашылық қызметіне талдау жүргізілгенде 118 заң бұзу мен сәйкессіздіктер анықталды. 7 факт құқық қорғау органдарына жіберіліп, 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылады. 

Ақтау қаласындағы брифингте ҚМГ Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдын ала есеп бойынша, компанияға 47 млн теңге шамасында шығын келтірілгенін мәлімдеді.

10 сәуір Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған еді. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін еместігін мәлімдеген.

2 мамырда Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен «БерӘлі Маңғыстау компани» сервис компаниясының бұрынғы қызметкерлері көтерген мәселелерді қарау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.  

2 маусым күні ҚМА 46 млн залал келтірді деген күдікпен «ӨзенМұнайГаз» бас директорының орынбасары ұсталғанын мәлімдеді Б.Мамбетсапаев лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзған. Өзінің бірқатар таныстарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға заңсыз кіргізген деп айыпталды.

Сондай-ақ оқыңыз