Tele2 және Altel компаниялар желісі бірлескен желілерді пайдаланғаны үшін Kcell-ден 5,768 млрд теңге төлеуді талап етті.
Kcell компаниясының 2023 жылға арналған қаржылық есебіне сүйенсек, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) Kcell АҚ-дан бірлескен желілерді пайдаланғаны үшін 5,768 млрд теңге төлеуді талап етеді.
«2022 жылы Kcell «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-мен желіні бірлесіп пайдалану туралы шарт жасасты. Осы Келісім шеңберінде Kcell мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жаңа алаңдар салу және қолданыстағы желіні жаңғырту туралы уағдаласты, бұл келісім шарттарын өзара бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қамтиды. 2024 жылы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС «Ксеll» АҚ-ға 2023 жылы Шарт бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты 5,768 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуді талап ете отырып, ресми хабарлама жіберді. Kcell мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС айыппұлды есептеу шарттарына келісе алмады», – делінген есепте.
Айта кетейік, екі оператор да «Қазақтелекомға» кіреді. Kcell компаниясының 51%-ы, «Мобайл Телеком-Сервистің» 100% «Қазақтелекомға» тиесілі.
Ксеll компаниясының таза табысы
Ксеll АҚ 2023 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепті жариялаған. 2022 жылғы есеп бойынша, компания 40 млрд 350 млн теңге таза табыс тапқан. Ал 2023 жылы бұл табыс 18,4% азайып, 32 млрд 897 млн теңге болды. Мұның үстіндегі 9 млрд 155 млн теңгені табыс салығына төлеген.
Компанияның былтырғы капиталы 171 млрд 518 млн теңге болды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 32 млрд 897 млн теңгеге көп. Ал компанияның активтері 272,4 млрд теңгеден 391,2 млрд теңгеге дейін өсті.
Kcell компаниясының жалпы пайдасы (түсім мен өнімнің өзіндік құны арасындағы айырма) 10 млрд теңгеге азайып, 71,5 млрд теңгеге дейін төмендеді. Операциялық пайда (сатудан түскен пайда) 60,2 млрд теңгеден 50,9 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Ксell АҚ 2022 жылғы сату көлемі 219 млрд 002 млн теңге болса, былтыр сату көлемі 4 млрд 745 млн теңгеге артқан (223 млрд 747 млн тг).
Оператордың бақылаушы акционері – «Қазақтелеком «АҚ. БЖЗҚ-ға 7,06%, Ғалымжан Есеновке 14,87%, First Heartland Jusan bank-ке 9,08% тиесілі, оны да Есенов бақылайды.