Алматыда пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 0,5 млн шаршы метрге қысқартылады. Бұл жайлы Үкімет сағатында Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.
Жиын барысында Олжас Бектенов негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстарында өсім басқалараға қарағанда төмен екенін айтты.
«Барлық негізгі макрокөрсеткіштер Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр», – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы қала әкімі Ерболат Досаевтан не себепті Алматыда құрылыс пен тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштерінің төмендеп кеткенін сұрады.
Досаев құрылыс пен тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі Алматы бас жоспарына енгізілген өзгерістерді орындауға байланысты төмендегенін айтты. Мемлекет басшысының үйлерді тығыз салуға жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрін 0,5 млн шаршы метрге қысқарту жоспарланғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының объектілердің сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту, үйлерді тығыз салуға жол бермеу және қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, сондай-ақ Алматыны полицентрикалық дамыту бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде, Алматы қаласын дамыту жоспарында тұрғын үйді іске қосуды 2023 жылғы 2,5 млн шаршы метрден 2 млн шаршы метрге дейін қысқарту қарастырылған»,– деді Досаев.
Сонымен бірге қаланың сауда көрсеткіштері де төмендеген. Оның себебін шаһар басшысы ұзақ мерзімді тұтыну тауарларына – автомобильдер мен электрондық техникаға сұраныстың азаюымен байланыстырды. Айтуынша, көтерме сауда 3%-ға төмендеген. Десе де, қала басшысы алдағы мереке күндері бөлшек және көтерме сауда көрсеткіштері қалпына келеді деп болжады.
Еске сала кетсек, Тоқаев 2022 жылы күзде қаланың бетоннан салынған орманға айналмауы керегін айтқан болатын.
«Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе – үйлердің тығыз салынуы. Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс”,– деген болатын.
Президент сол кезде қала әкімдігіне қаладағы ахуалды түбегейлі өзгертуді тапсырған. Сонымен бірге Алматыда 8 ақпан күні болған лай көшкінінен кейін Ерболат Досаев қалада құрылыстардың заңға әрі президент тапсырмасына сәйкес салынуы үшін тиісті шаралар жасалып жатқанын айтты. Ол тау бөктеріндегі барлық құрылыс тексеріліп, бір ретке келтірілетінін айтты. Президенттің сейсмоқауіпсіздік сақтау туралы тапсырмасын орындау барысында тау бөктеріндегі құрылыстардың қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеді. Ал 15 градустан асатын жерлерде құрылыс салу мәселесін заңмен шешілетінін, ол талапты айналып өтетін жолдарды жабатын заң қабылданатынын жеткізді.