Істі прокуратураға қайтару, абайсызда қазаға ұшырату бабына саралау: Бишімбаевтың адвокаттары сотта не айтты?

Жарияланды (жаңартылды )
Бишімбаев
Бишімбаевтың адвокаттары сотта не айтты? / Астана сотының баспасөз қызметі

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасып жатыр. Kursiv тілшісі сотта айыпталуышынң адвокаттарының сөзін тыңдады.

2024 жылдың 11 наурызында басталған алдын ала сот тыңдауы кезінде Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі тергеуді әрі қарай жалғастыру үшін прокуратураға қайтаруды, Бишімбаевтың әрекетін 99-баптан (қатыгездікпен кісі өлтіру) 104-баптың 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.

Адвокат Назкен Құсайынованың айтуынша, тергеу барысында жүйелі түрде ұрып-соғу әрекеті, әсіресе, оның зорлық-зомбылық арқылы жасалғаны дәлелденбеген.

12 наурызда адвокат Назкен Құсайынова сотталушыдан тағылған айып бойынша жауап алынбағанын айтып, Bau мейрамханасында Бишімбаевтың айғағы негізінде тексеру жүргізуді сұрады.

Сондай-ақ адвокат марқұм Нүкенованың телефонына дереу криминалистикалық сараптама тағайындау және тексерудің объективті хаттамасын жасауды сұрады. Олар Нүкенованың жарақат алғаны көрсетілген фотоларды «күмәнді дәлел» деп атап, нақты қай күні жолданғаны белгісіз екенін айтып отыр. Сол себепті ол фотоларды айғақ ретінде іс материалдарына қоспауды сұрайды.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахова қылмыстық іс бойынша сотталушы Қуандық Бишімбаевты қорғау тарапының жолдаған өтінішхаттың бәрін қанағаттандырмауды сұрады. Адвокаттың сөзінше, қылмыстық істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ.

Істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ. Сондай-ақ іс бойынша дәлелдерді жарамсыз деп тануға негіз жоқ. Қылмыстық іс материалдарында Бишімбаевтан жауап алуға қатысты алты хаттама бар, оның төртеуінде сотталушы өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, куәлік беруден бас тартты. Бишібаевтан екі рет жауап алынды, ол жерде өзіне тағылған айыпқа қатысты ойын айтқан, – деді адвокат Оразбахова.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова жүргізілген сараптамалар адамның дене жарақаты салдарынан қайтыс болғанын көрсеткенін айтты.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде адамның дене жарақаты салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Енді қандай абайсызда кісі өлтіру әрекеті туралы айта аламыз? Сарапшылар Нүкенованың басына 12-13 соққы тигенін көрсетіп отыр. Қорғау тарапы видеоматериалдарды қылмыстық іс материалдарынан алып тастауды сұрап отыр. Ол жерде Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып жатқаны анық көрсетілген. Іс бойынша 50 шақты адамнан жауап алынды, олар тікелей немесе жанама түрде Бишімбаевтың Нүкенованы мақсатты түрде ұрғанын айтты, – деді прокурор Айжан Аймағанова.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
  • 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтеді.

Басты сот талқылауы 2024 жылдың 27 наурызында басталады.

Бұған дейін сот процесі барысында Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.

«Айыптау актісі түсінікті. (Тағылған) айыпты мойындамаймын”,– деді Бишімбаев.»

Сондай-ақ оқыңыз