Қазақстанның қор нарығы ақпан айында қалай құбылды: мөлшерлемелер, бағамдар, акциялар

Жарияланды (жаңартылды )
Ақпан айындағы мөлшерлеме, бағам, акция қандай болды/Фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

Ақпан айында KASE индексі шамамен 13%-ға өсті. Бұл – биржа алаңы үшін 2014 жылдың шілде айынан бергі ең қолайлы ай болды (ол кездегі өсім көрсеткіші +15%-ды құраған-тын). Котировкалардың мейлінше жоғары өсуін ЦКБ (+39%), Kcell (+29%) және Халық банкінің (+23%) қағаздары көрсетті. Олардың өсуіне қандай да бір айқын триггер әсер еткен жоқ. ЦКБ 2008 жылғы максимумға көтеріле алды. Ал Kcell – 2014 жылғы: тарихи максимумға бар болғаны 70 теңге жетпей қалды.

Индекстердің өсуіне банктер ықпал етіп отыр

Kaspi.kz котировкалары да әжептәуір өсті. Nasdaq алаңындағы сауданың толық бір айында ADR құны 14%-ға ұлғайып өссе, Лондон қор биржасында GDR 12%-ға қымбаттап өсті. Кіріс пен таза пайда бойынша кезекті мәрте рекорд жаңартқан компания IV тоқсанның қорытындысы бойынша есеп беріп те үлгерді. Kaspi LSE алаңында делистинг өткізіп, сауда көлемі Лондон қор биржасынан бірнеше есе жоғары болатын Nasdaq алаңына барынша назар аудармақ.

Қазақстанның қор биржасындағы маңызды жаңалық – Air Astana компаниясының ІРО-ға шығуы. Компания өз акцияларының 43,7%-ын орналастырып, шамамен 370 млн АҚШ долларын тартты. Бұл соманың жартысынан астамын қазақстандық нарық қамтамасыз етті.

KEGOC котировкалары 7%-ға қымбаттап, таяуда өткен SPO-дағы орналастыру бағасына қайта оралды. Компания үшін маңызды жаңалықтың бірі – рейтинг тағайындаушы агенттіктер кредит қабілеттілігі бойынша өз бағаларын жаңартып жатыр. Рейтингті бірінші болып Fitch Ratings жаңартты. Ол KEGOC-тың ұзақ мерзімді кредит рейтингін «ВВВ-» деңгейінен «ВВВ» деңгейіне «тұрақты» деген болжаммен көтерді. Ал Moody’s болса, арада 10 күн өткенде бұған дейінгі «Baa2» кредит рейтингін растап, «оң» деген болжамын мақұлдады.

KASE индексі аясында ақпан айында төмендеуге дес берген (– 2,4%) жалғыз компания – «ҚазТрансОйл» (ҚТО). Оның бағасы 850 теңгеден 830 теңгеге дейін «құлады». Бұл арада, тіпті Ақтау арқылы және ресейлік тұрба құбырлары арқылы мұнай экспорттау ауқымы ұлғая түскені туралы жағымды жаңалықтар да ықпал ете алған жоқ.

«ҚазМұнайГаз» акциялары

Ақпан айында «ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасында еш өзгеріс болған жоқ. Сауда жабылған тұстағы баға 11 950 теңгені құрады. Бұл алдыңғы нәтижеден бар болғаны 17 теңге жоғары көрсеткіш. Жалпылай алғанда, котировкалардың динамикасы, айталық, еншілес ҚТО немесе KEGOC-пен салыстырғанда әлдеқайда құбылмалы болып шықты. Айдың басында баға бірден 10 890 теңгеге дейін төмен құлдырағанымен, артынша дереу қалыпқа келді.

Айдың басты жаңалығы – 2023 жылға арналған өндірістік есептің жариялануы. 2023 жылы мұнай өндіру 23,5 млн тоннаны құрады, 2022 жылмен салыстырғанда, бұл 6,9% жоғары көрсеткіш. Тоқсандық есепте мұнай өндіру 6,02 млн тоннаға жеткені айтылады. Бұл соңғы 8 тоқсандағы ең жақсы нәтиже. Көмірсутегі шикізаттарының дәлелденген қоры жылма-жыл салыстырғанда 4,4%-ға өскен, яғни мұнай түрінде есептегенде 486 млн тоннадан 507 млн тоннаға дейін; ал дәлелденген + ықтималды (2Р) қорлар – 707 млн тоннадан 733 млн тоннаға дейін (мұнай түрінде алғанда).

2023 жыл мұнай тасымалы сегменті үшін де қолайлы жыл болды. Мұнай тасымалдау алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға өсіп, 80,4 млн тоннаға жетті. ҚМГ үшін бұл кем дегенде 2015 жылдан бергі жаңа рекорд. Бірақ мұнай өңдеу сегментінде 2023 жылдың соңында ептеген құлдырау байқалды. Өңделген шикі мұнайдың көлемі 1,5%-ға қысқарып кеткен. Басқа да жаңалықтардың қатарында – «Татнефть» компаниясымен бірлесіп 2024 жылы Қаратон-тұз асты учаскесінде мұнай барлауды бастау туралы шешімді айтуға болады. Сондай-ақ Moody’s агенттігі, компанияның ұзақ мерзімді кредит рейтингін «оң» деген болжаммен «Baa2» деңгейінде растап берді.

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары төмендеді

Ақпан айында Лондон қор биржасындағы «Қазатомөнеркәсіптің» GDR бағасы 2%-ға, яғни 39,7 АҚШ долларына дейін түсті. KASE алаңында бір акция бағасы 18 660 теңгеге дейін көтеріліп (+1,6%), GDR-мен салыстырғанда акциялардағы сыйлықақы 4,5%-ға дейін өсті. Мұндай динамикаға уранның спот бағасының ақпан айындағы 6,7%-ға төмендеуі әсер етті (он ай қатарынан өскеннен кейін). Бұл, әрине, уран секторына қай жағынан болса да әсер етпей қойған жоқ. Америка нарығында өсім көрініс бергеніне қарамастан, ETF URA қорының котировкалары 9,4%-ға төмендеп кетті. Ай ішіндегі басты жаңалық деп 2023 жылдың қорытындысы бойынша жария етілген «Қазатомөнеркәсіптің» өндірістік есебін айтуға болады. 2023 жылы компания 11,2 мың тонна уран оксидін өндірді. 2022 жылмен салыстырғанда бұл 2%-ға аз ауқым. Айта кету керек, ұлттық компания өзінің негізгі өнімін 10% артық ауқымда сата алған. Ал сату бағасы орташа есеппен алғанда 22%-ға өскен.

Айтпақшы, 2023 жыл орын алған нақты өндірістік көрсеткіштермен салыстырғанда, «Қазатомөнеркәсіптің» 2024 жылға арналған болжамдары біршама жақсылау деуге болады. Бірақ уран оксидін сатуға қатысты болжамдар шамамен 3 мың тоннаға аздау етіп көрсетілген. Компания мұны өзінің «Үлбі-ТВС» еншілес компаниясына отын құрамаларын өндіруге қажетті уран ауқымын көбірек сату жоспарымен түсіндіреді. Болжам бойынша, 2024 жылы отын құрамаларын сатудан түсетін кіріс ұлғая түсуі ықтимал.

Наурыз айында нарық қандай болады

Наурыз айында нарық ішіндегі басты назар 2023 жылдың қорытындысын шығарған маусымдық есептерге аударылатыны анық. Бұл тұрғыда Kaspi.kz қазірдің өзінен оң жол көрсетіп, тартымды тренд белгілеп берді. Жылдық қаржылық есептерге қарап, көктемде жария етілуі тиісі ықтималды дивидендтер деңгейін шамалай беруге болады. Базалық мөлшерлеме мен инфляцияның төмендеуі де акциялар құнының өсуіне септігін тигізетін факторлардың қатарында қалуға тиіс. Екінші жағынан алғанда, индекстің таяудағы өсуіне жекелеген акциялар қолдау көрсеткені белгілі. Ал олар қандай да бір жаңалық не тригерсіз өздері өсіп жатты. Өз кезегінде бұл, егер кері қарай арзандау орын алса, онда индекстерді біршама түзету алып келуі мүмкін.

Ұлттық валюта және Ұлттық банктің мөлшерлемесі 

Төрт ай бойғы нығаюдан кейін ұлттық валюта ақпан айында ептеп әлсіреп, бір доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 451,1 теңге шегіне келіп жетті. Айтпақшы, мұнайдың бағасы қаңтар мен ақпанның тоғысында біршама арзандай түскенін ескерсек, валюта бағамы мен мұнай бағасы арасында ептеген корреляция да анық байқалды. 5–6 ақпанға қарай доллар бағамы шамамен 455 теңгеге дейін көтерілді. Осы кезде мұнайдың бағасы ақпандағы ең төменгі деңгейге жетті. Бірақ артынша теңге де мұнаймен бірге келесі апта бойында нығая бастады. Дегенмен әрі қарай валюта бағамымен дәл осындай айқын корреляция байқала қоймады.

Валюта нарығындағы нетто-сату көлемі

Ақпан айында Ұлттық Банк валюта нарығындағы нетто-сату көлемін мейлінше қысқартты. Қаңтарда бұл көрсеткіш бар болғаны 209 млн АҚШ долларын құраған-тын. Бұл 2022 жылдың мамырынан бергі ең төменгі мән. Ол кезде Ұлттық Банк, керісінше, 181 млн АҚШ долларын сатып алған болатын. Бірақ бұл операциялар валюта бағамына әсер ете қойған жоқ. Наурыз айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан тағы да 700–800 млн АҚШ долларын сатуды көздеп отыр. Сонымен бір мезгілде БЖЗҚ үшін 400–500 млн АҚШ долларын сатып алу жоспары да бар. Мұндай жағдайда наурыздағы нетто-сату ақпан айындағы көрсеткіштен 100 млн АҚШ долларына көбірек болады деген сөз. Аталған деректерді жариялау тарихында бұл осымен үшінші рет бір айдағы ең төмен көрсеткіш деуге тұрады. Осының аясында ұлттық валютаның әлсіреу ықтималдығы арта түседі. 

Жалпылай алғанда, доллардың индексі ақпан айында 0,6%-ға өсіп, 104,16 тармақ деңгейінде тұрақтады. Айдың бірінші жартысы доллар бағамының күрт өсуімен сипатталып, қарашадан бергі ең жоғары мәндерге жетті. Айдың басында өсу факторы ретінде – ойламаған жерден күшейе түскен жұмыс орындары туралы деректер алға шықты. Бұл Федералды резервтік жүйеге мөлшерлемелерді реттеу барысында көптеген мүмкіндік беруге тиіс. Артынша 13 ақпанда АҚШ доллары 0,7%-ға күрт өсті. Бұған АҚШ-тағы инфляцияның күткендегіден ептеп жоғары болуы септік етсе керек. Әйтсе де ақпанның екінші жартысында АҚШ доллары бұл өсудің бір бөлігін жоғалтып алғанымен, жергілікті деңгейде жоғары өрлеу трендінде қала берді. Ақпанда әлем бойынша жетекші орталық банктер мөлшерлемелер бойынша отырыс өткізген жоқ. Таяу арада жария етілуі тиіс шешімдер наурыздың ортасына белгіленген.

Базалық мөлшерлеме, инфляция, ЖІӨ

Ал Қазақстанның Ұлттық Банкі 23 ақпанда базалық мөлшерлемені тағы 50 базалық тармаққа, яғни 14,75%-ға дейін төмендетті – осымен төртінші мәрте. Реттеуші орган үшінші ай қатарынан жылдық инфляцияның төмендеуі мен инфляциялық болжамдардың баяулауы жалғасуда дегенді айтып отыр. Инфляциялық сыртқы фон бейтарап деп бағалануда. Бір жағынан алғанда, Қазақстанның сауда серіктестері қатарындағы бірқатар елдерде инфляцияның үдеуі байқалуда, бірақ екінші жағынан – азық-түліктің жаһандық бағасының төмендеу тренді жалғасуда.

Ішкі инфляция аясынан қарағанда, Ұлттық Банк мәліметінше, тұрақты сұраныс пен бекітілмеген инфляциялық күтулерге байланысты қысым деңгейі сақталуда. Бұл тұрғыда реттеуші орган ақша-кредит саясатын жұмсарту кеңістігі шектеулі деп есептейді. Инфляция динамикасы мен факторы және фискалдық белгісіздік мәселелері аясында қалыптасқан жағдайға қарасақ, базалық мөлшерлеме ағымдағы деңгейде қалады деп топшылау мүмкіндігі айтарлықтай жоғары. Деректердің жинақталуын күткен Ұлттық Банк экономикалық және фискалдық реформалардың нәтижелерін бағалайтын болады. Сондай-ақ Ұлттық Банк негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдарын да алға тартты. Оған сәйкес, 2024 жылы инфляция 7,5–9,5% деңгейінде, ал ЖІӨ өсуі 3,5–4,5% деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Бұл бұған дейінгі болжамнан 30 базалық тармақ жоғары көрсеткіш. Айта кетейік, мөлшерлеме бойынша келесі отырыс 2024 жылдың 12 сәуіріне жоспарланған.

Кіріс қисығы енді инверсті емес

Қазақстанның мемлекеттік облигациялар нарығында ақпан айында шамамен 432 млрд теңгеге 13 орналастыру шарасы өткізілді. Қаңтар айымен салыстырғанда бұл 57%-ға аз. Алайда бір жыл бұрынғыдан 15%-ға артық көрсеткіш. Бір ұсынысқа орташа сұраныс 273%-дан 300%-ға дейін ұлғайып өсті. Ең көп сұранысқа – өтеу мерзімі бес жылға дейінгі орналастырулар ие болды. Мұндай қағаздарға деген сұраныс ұсыныстан бес есе асып түсті. Ақпанда кірістілік әрі қарай төмендей берді, әсіресе, қысқа және аралық облигациялар бойынша. Мысалға, өтеу мерзімі 5,5 жылды құрайтын бағалы қағаздар бойынша кірістілік 12,54%-дан 12%-ға, ал өтеу мерзімі 4,5 жылды құрайтын облигациялар бойынша – 12,3%-дан 11,5%-ға төмендеп кетті. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздардың кірістілігі іс жүзінде өзгеріссіз қалғанын ескерсек, орналастырулар бойынша кірістілік қисығы соңғы бірнеше айда алғаш рет инверсті болып шыққан жоқ, яғни кері емес.

Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары

Ақпан айында квазимемлекеттік секторда тек төрт орналастыру шарасы өткізілді – Қазақстанның тұрақты даму қоры (ҚТДҚ) тарапынан. ҚТДҚ орналастыруының жалпы көлемі 37,9 млрд теңгені құрады. Бұл қаңтардағы нәтижеден 46%-ға артық ауқым. Ұсыныс бойынша орташа сұраныс 459%-дан 187%-ға дейін күрт төмендеп кетті. Үш орналастыру бойынша өтеу мерзімі бір жылды құрады. Бірақ бір жылдық қағаздардың кірістілігі қарқындап құлдырай берді. Егер қаңтар айының басында бұл көрсеткіш 13,49%-ға жеткен болса, ақпанның соңында ол 12,59%-ды көрсетті. Төмендеу екпіні ақпан бойы көрініс берді. Бұл тұрғыда бірінші орналастыру 12,8%, екіншісі – 12,66% кірістілікпен өтті. Тағы бір орналастыру бойынша өтеу мерзімі екі жылды құрады. Оның кірістілік көрсеткіші 12,45%-ға жетті. Қазақстанның тұрақты даму қоры өзінің екі жылдық қағаздарын соңғы рет былтыр қарашаның соңында орналастырған болатын (14,07% кірістілікпен). Айта кету керек, қаржы министрлігінің екі жылдық қағаздары бойынша кірістілік ақпан айында 11,97%-ды құрады. Өз кезегінде бұл ҚТДҚ облигацияларының кірістілік сылйықақысы 48 базистік тармақты құрайтынын меңзейді.

Сондай-ақ оқыңыз