АҚШ Украинаға көмек ретінде 300 млн долларлық қару-жарақ пакетін бекітті
Президент Джо Байден әкімшілігі Америка Құрама Штаттары Украинаға құны 300 млн доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жіберетінін хабарлады.
Бұл биылғы жылы көрсетілетін алғашқы ірі көмек болып отыр. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.
Reuters ақпаратына сүйенсек, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан аталмыш қаржы Пентагонның келісімшарттары бойынша күтпеген шығындарды үнемдеуден қалғанын айтты. Бұл қаржы енді артиллериялық снарядтар мен жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелеріне (HIMARS) арналған оқ-дәрілерге жұмсалуға тиіс.
«Бұл оқ-дәрі украиналық сарбаздардың мылтықтарына біраз уақыт күш береді. Бірақ қысқа мерзімге ғана қолдау көрсетеді. Қорғаныстың оқ-дәрісі қысқа мерзімде қайта азаюы мүмкін», – деді Саливан.
Пентагонның баспасөз хатшысы генерал-майор Пэт Райдер бұл пакетте зениттік зымырандар мен артиллериялық снарядтар барын айтты.
Республикалықтардың Украинаға көмекке қарсылығы
2023 жылы қарашада президент Джо Байден Израиль мен Украинаға көмекке, Тынық мұхиты аумағында Қытаймен бәсекелестікке және АҚШ-Мексика шекарасында қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша көмекті 106 миллиард деп белгілеуді өтінген болатын.
Алайда Өкілдер палатасына жаңа спикер Майк Джонсон келгелі ұсынылған алғашқы заң жобасы тек Израильге қосымша қаржылай көмек көрсету туралы болған.
Өкілдер палатасында 221 орынның 212-інде республикалықтар отыр. Бірақ Байденге жақтас демократтар Сенаттағы 51 орынның 49-ын алған. Заң жобасы алдымен Өкілдер палатасы мен Сенаттан өтіп, кейін Байден қол қоюы қажет. Сенаттағы демократтардың бірі Reuters-ке тек Израильге көмек беру жобасы Өкілдер палатасынан өтсе де, Сенат оның қабылдамайтынын айтқан. Ал Ақ үйдегі президент әкімшілігі екі палата да жобаны қабылдаса, президент вето құқығын қолданатынын айтқан.
«Бұл заң жобасы Израиль үшін де, Таяу Шығыс аймағын үшін де және АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін де зиянды», – деп хабарлаған Ақ үй.
Кейінірек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Өңірлер палатасының жаңа спикері Майк Джонсонмен Сенатта кездескен. Сенаттағы кездесуде қорғаныс министрі Ллойд Остин де болған. Ол Украина Ресей басқыншыларымен күресу үшін АҚШ қолдауына зәру екенін айтқан.
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді