QIWI plc акцияларын кері сатып алмайтын болды – Акционерлер мақұлдамады

Жарияланды
QIWI
Qiwi акционерлері акцияларды кері сатып алуға қарсы дауыс берген / Фото: kursiv.media

Qiwi акционерлері акцияларын кері сатып алу туралы шешімді мақұлдамады. Бұл жайлы компанияның ресми сайтында жазылған. 

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың 11 наурызында өткен «Киви» акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында ұсынылған қарар мақұлданбаған. 

Тиісінше, акционерлер топтың директорлар кеңесіне В класындағы қарапайым акцияларды, соның ішінде NASDAQ және Мәскеу биржасында тізімделген америкалық депозитарлық акцияларды сатып алу бағдарламасын бастауға рұқсат бермеген.

Акцияларды кері сатып алуға қарсы дауыстар саны – 111,849 миллионды құраған, қолдағандар – 3,877 миллион, қалыс қалғандар – 108 мың.

2024 жылдың қаңтар айының соңында Qiwi тобы Qiwi АҚ құрамында шоғырланған ресейлік активтерді Qiwi-дің бұрынғы бас директоры Андрей Протопоповқа тиесілі гонконгтық Fusion Factor Fintech Limited компаниясына сатты. Ресейлік активтері сатылған соң, компания өзінің америкалық депозитарлық акцияларын (ADS) NASDAQ пен Мәскеу биржасынан сатып алуды жоспарлаған болатын. 

21 ақпанда Киви банк лицензиясынан айырылды. Банк лицензиясынан айырылғаннан кейін әмияндары арқылы өтетін транзакцияларды бұғаттаған болатын. Банк клиенттері әмияндарын не толтыра, не одан ақша ала алмай отырғаны хабарланған.

Бірақ Qiwi Bank-тің лицензиясына айырылуы Қазақстандағы QIWI әмиянын пайдалануға әсер еткен жоқ. Қазақстандағы клиенттер Qiwi әмиянын бұрынғысынша пайдалана бермек. Ақша салып, алып, теңгедегі операцияларды жүргізуіне еш шектеу жоқ.

«Qiwi Қазақстан жергілікті бизнесіне бұл жағдай әсер еткен жоқ. Қызметтерге жүктеменің артуына байланысты уақытша техникалық ақау байқалғанымен, олар сәтті шешілді және компания әдеттегідей қызмет көрсетіп жатыр», – делінген компания жауабында.

Сондай-ақ оқыңыз