Youtube Premium Қазақстанда: қазақстандықтар енді видеоконтентті жарнамасыз тамашалай алады
Қазақстанда Youtube Premium сервисі іске қосылды. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі пайдаланушылар мен контент жасаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Google компаниясының Youtube Premium сервисін Қазақстанда іске қосқаны туралы қуана хабарлайды»,- делінген баспсаөз хабарламасында.
Министрлік бұл оқиғаны елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға жасалған оң қадам деп бағалаған. Осылайша Қазақстан жаһандық желіге бірігеді.
YouTube Premium сервисі қосылған қолданушылар бейне мен музыканы жарнамасыз тамашалай алады. Сонымен бірге видеоконтентті офлайн тамашалу мүмкіндіктері де бар. Тағы бір артықшылығы Premium–ға қосылған қолданушылар басқа қосымшаларды пайдалану кезінде YouTube-ті фондық режимде тамашалай алады.
Баспасөз хабарламасында YouTube Premium сервисінің іске қосылуына байланысты министрліктің қазір цифрлық экономиканы дамыту мен Қазақстандағы жергілікті контент-жасаушыларды қолдау мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны айтылған.
Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Бағдат Мусин Кремний алқабында YouTube компаниясының өнімді басқару жөніндегі вице-президенті Адам Смитпен келіссөздер жүргізгенін, нәтижесінде YouTube Premium қызметі 2023 жылы қосылатынын хабарлаған.
Бірақ кейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин сервистің 2024 жылдың басына қарай іске қосылатынын мәлімдеді.
«Youtube – Google компаниясына тиесілі. Олар экономикалық жағдайды ескере отырып шешім қабылдайды. Осы жылдың соңына қарай қосылмаса, да келесі жылы міндетті түрде қосылады. Біз өйткені өзіміздің тарапымыздан орындалуға тиіс бүкіл талаптарды орындадық. Қазақстан тарапынан заңды және басқа тұрғыдан бұл мәселеге тосқауыл болатын кедергілер жоқ. Ескертіп айтайын, бұл геосаяси немесе басқа мәселелерге байланысты емес, олар тек экономикалық мәселелерді ескереді»,- деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл видео-хостингтің қосылуы үшін оның иелері Қазақстандағы авторлар мен видеөндірушілермен заңды негізде келісімге келуі керек.
«Біз өз тарапымыздан барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Қазақ тілді аудиторияның өсіп келе жатқанын айттық. Олар қазіргі таңда ителлектуалдық құқық мәселесі бойынша шешілуі керек заңды процедураларды реттеп жатыр»,- деді Мусин.