Дүниежүзілік банк болжамы: 2029 жылға қарай жұмыс орындары көбеймесе, Қазақстандағы жұмыссыздар саны 1 млн-ға жетуі мүмкін
Қазақстанның экономикалық өсімі жұмыспен қамту деңгейіне қатты әсер етпейді. Яғни елде экономикалық өсім жұмыспен қамту және кедейшілікті азайту деңгейімен әлсіз ғана байланысады. Бұл жайлы Дүниежүзілік банктің наурыз айындағы еңбек нарығы туралы «More Better and Inclusive Jobs in Kazakhstan» есебінде жарияланған.
Есепте Қазақстан үшін жұмыс орындарын құру өнімділікті арттыру және мемлекеттің шамадан тыс араласуын еңсеру мәселесі қарастырылған.
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы қызықты тенденцияға назар аударған. Банк елдің экономикалық өсімі жұмыспен қамту деңгейімен әлсіз байланысатынын, тіпті оның кедейшілікті азайтуға әсерінің аз екенін атап өткен. Есепте жұмысбастылық пен жұмыс сапасын арттырудың негізгі көзі ретінде технологиялық өзгерістер мен капитал сыйымдылығын арттыру тетігі ұсынылған.
Банк бұл процестерді дамыту үшін және өнімділік жағдайын жақсарту үшін еңбек өнімділігі төмен салаларға құрылымдық өзгерістер жасаған жөн деп санайды. Әсіресе, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы ақсап тұр. Есепте айтылғандай, бұл саладан соңғы онжылдықта жұмыс күшінің басқа салаларға ауысу тенденциясы қалыптасқан. Жұмыс күшінінің басым бөлігі қызмет көрсету саласына көшіп кеткен. Осы орайда банк жер құқығына қатысты заңнамалық реформалар және мемлекеттің осы сектордағы рөлін қайта қарауды ұсынған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы капитал мен еңбек қатынастарының тоқырауын болдырмау үшін салаға капитал ағынын қамтамасыз ететін қаржылық ресурстар мен жаңа технологиялар енгізу бұл мәселеге оң серпін беруге тиіс.
Елде стартаптар мен жаңа компаниялардың пайда болуына кедергілер көп
Сонымен бірге есепте жұмыс орындары құрылып, еңбек нарығын жақсарту үшін бәсекелес нарықтық компаниялардың көп болуы шарт екені жазылған. Яғни бұл процесс тоқтамай, жаңа компаниялар мен стартаптар пайда болып отыруға тиіс. Өкінішке қарай, бұл Қазақстанда айтарлықтай дами қоймаған. Оған саладағы мемлекет меншігі үлесінің басымдығы мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық экономикалық саладағы санының көптігі әсер етеді. Мұндай кедергілер елде жас компаниялардың дамуына және сайып келгенде, жұмыспен қамту деңгейінің көтерілуіне кері әсер етеді.
Банк мәлімдеуінше, Қазақстанда ұзақ жылдар бойы өзгермеген капиталдың жеткіліксіз коэффициенті және бизнесті ығыстырып жатқан мемлекеттік сектор үлесінің көптігі, жалпы мемлекеттің орталықтандырылған саясаты жұмыс орындарын жақсартуға кедергі келтіріп отыр.
Сонымен бірге бүкіл дүние жүзіндегі сияқты Қазақстанда да үш аймақта – Астана, Алматы және Шымкент қалаларына шоғырлану, урбанизациялану процесі жүріп жатыр. Бұл да өз кезегінде жұмыспен қамтуға өз әсерін тигізеді.
Банк болжамынша, 2000 жылдардағы туу көрсеткішінің айтарлықтай өсуіне байланысты алдағы жылдары елде жұмыс күші артады. Егер соған сәйкес жұмыс орындары да арта түспесе, 2029 жылға қарай Қазақстанда жұмыс іздеп жүргендер саны 2022 жылға қарағанда 1 миллион адамға көп болуы мүмкін.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қазақстандағы жұмыс орындарының үштен бір бөлігі ғана, яғни 2,1 миллионға жуығы жұмыс сапасының индексіне сәйкес. Өкініштісі, соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш шамалы ғана өскен
Қазақстандағы жұмыссыздық
Еске сала кетсек, ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде инфляция мен жұмыссыздық жөнінен Қазақстан көш бастап тұр.
2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстаннан басқа, одаққа кіретін елдердің барлығында жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны айтарлықтай азайған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны Қырғызстанда – 5,1%-ға, Арменияда – 13,7%-ға, Беларусьте – 26,2%-ға, Ресейде – 27,2%-ға азайған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш, керісінше 14,1%-ға өскен.
ЖІӨ бойынша ЕАЭО-дағы ең жоғары көрсеткішке Армения мемлекеті жеткен. Бұл елде ЖІӨ – 10,5% құрады. Қазақстан +5,3% экономикалық өсіммен екінші орында тұрса, Қырғызстан +3,9% үшінші орында тұр. Ал Беларусьте ЖІӨ деңгейі сегіз айда 2%-ға ғана көтерілсе, Ресейде небәрі 1,6%-ға өскен.
Ал инфляциялық көрсеткіштер бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Елімізде тамыз айының соңында ең жоғары инфляция – 13,1% құрады. Қырғызстанда инфляция 9,5%, Ресейде 5,2%, Беларусьте 2,3% болды. Ал Арменияда, керісінше, инфляция -0,2%-ға төмендеген.