Еңбек жағдайы зиян жұмыста істейтіндерге 245 млн теңге арнаулы әлеуметтік төлем төленді – министр
2024 жылғы 11 наурыздағы есепке сүйенер болсақ, республика бойынша 1 156 адамға арнаулы әлеуметтік төлем берілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Зенит» Орал зауыты» АҚ еңбек ұжымымен кездескенде айтты.
2024 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша, республикада 1 156 төлем алушыға 244,9 млн теңге сомасына 2 661 төлем берілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 алушыға 2,3 млн теңге сомасында төлем жүргізілді, – деді Светлана Жақыпова.
БЖЗҚ деректері бойынша, арнаулы әлеуметтік төлемді алу үшін 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылай, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әр жұмыскерге берілетін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты. Жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеу бойынша, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері – 339 мың теңге, ал 2035 жылы – 519 мың теңге.
Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарт. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиян жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады. Содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
Арнайы төлем 55 жасқа толған жұмысшыларға беріледі
Бұған дейін 55 жасқа толған кеншілерге жаңа жылдан бастап 63 жасқа дейін арнайы төлем төленетінін жазған едік.
Қазақстан тарихында алғаш рет қауіпсіз еңбекке қатысты құжат қабылданды. Төрт негізгі бағытты қамтитын құжат «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы» деп аталады. Тұжырымдама 2024 жылдан бастап 55 жасқа толған кеншілерге зейнетке шыққанға дейін, яғни 63 жасқа толғанша арнайы төлем тағайындауды қамтамасыз етеді.
Тұжырымдаманың негізгі 4 бағыты бар. Тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру. Кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту және еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру, – деді Үкімет отырысында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.