Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша Қазақстан Ресейді қуып жетті
2023 жылы Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасы 4,8%-ға өскен. Сарапшылар пікірінше, 2024-2025 жылдары өңірде инфляцияның баяулауы жағдайында өсім 4,5-5%-ға жетеді деп күтілуде. Бұл жайлы INFOLine ақпараттық агенттігінің зерттеуінде жазылған.
Экономиканың қалпына келгеніне қарамастан, өңірдегі біраз ел 2023 жылы рекордтық бюджет тапшылығына ұшыраған. Атап айтқанда, Қырғызстанда тапшылық ЖІӨ-нің -2,3%-ын, Қазақстанда ЖІӨ-нің -2,9%-ын, Өзбекстанда ЖІӨ-нің -5,7%-ын, Ресей Федерациясында ЖІӨ-нің -2,3%-ын құраған.
Агенттік мәліметінше, Ресей Федерациясынан келетін ақша аударымдарының азаюы салдарынан Орталық Азия елдеріндегі ұлттық валюталар АҚШ долларына шаққанда әлсіреген. Мәселен, Тәжікстан мен Өзбекстан валюталары 8 пайызға, Қырғызстанда 3,5 пайызға әлсіреген. Ал Қазақстан валютасы тұрақтылық көрсетіп отыр.
Сонымен бірге өңірдегі жағдайға санкцияларға байланысты Ресейдің Батыспен сауда байланысының қысқаруы да әсер еткен. Нәтижесінде Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсіп, 2023 жылы оның көлемі 26%-ға артып, 240 млрд долларға жеткен.
Жалпы алғанда бүкіл Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша сауда көлемі артқан. Оған да өз кезегінде Ресей Федерациясынан келген бизнестің делдалдық қызметке көше бастауы да өз әсерін тигізген.
Қазақстанның экономикалық өсімі алдағы жылдары қай деңгейде болады?
Агенттік зерттеулеріне сенсек, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша Қазақстан Ресейді қуып жеткен. Орта есеппен оның көлемі 13 мың долларға жуықтаған. Ал бұл көрсеткіш осы аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай көп. Яғни бұл көрсеткіш Тәжікстаннан 11 есе, Қырғызстаннан 7,1 есе, Өзбекстаннан 5,2 есе артық екен.
Осы орайда агенттік Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 13,7 пайызды құрайды деп болжайды. Ал 2028 жылға қарай өсім 29,9 пайызға дейін жетуі мүмкін. Сарапшылардың есептеуінше, соңғы жылдары ЖІӨ бойынша тек «коронадағдарысы болған» 2020 жылы ғана Қазақстан өсім көрсетпеген.
Еске сала кетсек, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасы 2028 жылға қарай орта есеппен 6 пайызға жетіп, елдегі инфляция 5 пайызды құрауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Министрдің айтуынша, сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты ел дамуының: базалық, пессимистік және оптимистік сценариі қарастырылып отыр. Базалық сценарий бойынша, мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде алу ұсынылады. Министрлік бұндай болжамды халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономика өсіміне қатысты тұжырымын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып жасаған.
Ал Дүниежүзілік банк қаңтарда Қазақстанның ЖІӨ өсімі болжамын 4,3%-ға дейін жақсартты. Банк болжамы бойынша 2025 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 4,5% деңгейінде өседі деп болжанады.
Қаржы ұйымының бағалауы бойынша, өткен 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады.
«Орталық Азиядағы экономикалық өсім жалпы алғанда 2024-2025 жылдары шамамен 4,8% деңгейінде тұрақты болады деп болжануда, бұл субөңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Қазақстан инфляцияны төмендетіп, шикізат тауарларының жоғары бағасы мен мұнай өндірісінің өсуі аясында экспорттың артуын қолдайды деп күтілуде», – деп жазылған баяндамада.