Жаңалықтар

Бишімбаев алқа билерге пара беруі мүмкін бе: Бас прокурордың орынбасары жауап берді

Алқабилер Бишімбаевтан пара алуы мүмкін бе?/ фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Бас прокурор орынбасары Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.  

Әсет Шындалиев қазақстандықтардың экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот алқасы пара алуы мүмкін деген алаңдаушылығына қатысты жауап берді. Оның сөзінше әзірге Қуандық Бишімбаевты ешкім қорғап жатқан жоқ. Ал пара алу фактісі анықталса, алқабилер таратылуы да мүмкін.

 «Жауапкершілік бар, тіпті мұндай фактілер анықталса, онда алқабилер алқасы таратылуы мүмкін», – деп түсіндірді Бас прокурор орынбасары мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ Шындалиев Бишімбаевты конвой қызметкерлерінің күшейтілген режимде күзетуіне қатысты түсініктеме берді.

«Бишімбаев қана емес, барлық сотталушыны конвой қызметкерлері күзетеді. Ол қамауда, сәйкесінше сотқа дейін және сот аяқталған соң да конвоймен жеткізіледі», – деп жауап берді Бас прокурордың орынбасары.

БАҚ өкілдері сот отырысы залына журналистерді кіргізуге не себепті тыйым салынғанын да сұрады.

«Соттағы тәртіпті қамтамасыз ету керек, өйткені бұл «ток-шоу немесе телешоу емес». Сотта ашықтық қамтамасыз етіледі. Сіздер тікелей эфир арқылы залдағы процесті көре аласыздар», – деп жауап берді Әсет Шындалиев журналистердің сұрағына.

Бас прокурор орынбасарының пікірінше, Бишімбаевтың сотында жариялылық толық көлемде қамтамасыз етілген.

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасып жатыр. Айыпталушы Бишімбаев бұл істі алқабилер қарауын сұраған болатын. Басты сот талқылауы 2024 жылдың 27 наурызында басталады. Сот оның бұл өтінішін орындады.

2024 жылдың 11 наурызында басталған алдын ала сот тыңдауы кезінде Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі тергеуді әрі қарай жалғастыру үшін прокуратураға қайтаруды, Бишімбаевтың әрекетін 99-баптан (қатыгездікпен кісі өлтіру) 104-баптың 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.

Адвокат Назкен Құсайынованың айтуынша, тергеу барысында жүйелі түрде ұрып-соғу әрекеті, әсіресе, оның зорлық-зомбылық арқылы жасалғаны дәлелденбеген.

12 наурызда адвокат Назкен Құсайынова сотталушыдан тағылған айып бойынша жауап алынбағанын айтып, Bau мейрамханасында Бишімбаевтың айғағы негізінде тексеру жүргізуді сұрады.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
  • 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Бұған дейін сот процесі барысында Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.