«Құрылыс кодекісінің бір парағы 1,6 млн теңге» – Депутат плагиат тексерісінен өтпеген құжатты сынады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Құрылыс кодексіне бюджеттен 382,5 миллион теңге бөлінген / Фото: kursiv.media

2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттен 382,5 миллион теңге бөлінген. Осылай деген Мәжіліс депутаты құрылыс кодексіндегі кемшіліктерді сынға алды.  

Депутат Президенттің 2022 жылы жаңа су, салық және қала құрылысы кодекстерін әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Бұдан бөлек қала құрылысы кодексін әзірлеуде  бірқатар проблемалар барын айтты. Оның айтуынша, үкімет бұл мәселені тым ұзаққа созып жіберген. Тіпті аталған кодекс жобасы президент тарапынан да сынға ұшырағанын еске салды.

Елнұр Бейсенбаев Құрылыс кодексінің жобасы мемлекеттік тапсырма аясында әзірленгенін атап өтті. Бірақ бюджет кодексіне сәйкес бұл жұмыс түрін бөлек қаржыландыруға болмайды, өйткені бұл министрліктің тікелей міндеті.

«Бірақ соған қарамастан, Үкімет қаулысымен бұл қызмет өздері жетекшілік ететін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-на тапсырыс берілді. Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге 2023 жылы 382,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар бүгін қаралып жатқан бірқатар маңызды заң жобалары бюджет қаражатын жұмсамай дайындалды. Сондай-ақ бүгінде қаралып жатқан бірқатар маңызды заң жобалары бюджеттен ешқандай шығынсыз дайындалды. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды: маңызды заңнамалық актілерді дайындау бюджет қаражатын жұмсамай-ақ орындалады екен, ал қоғамдық және кәсіби сынға төтеп бере алмаған Құрылыс кодексін жазу үшін, қайталап айтамын, 382,5 млн теңге қажет болғаны ма?, – деді депутат.

Депутат кодекстің әр бетіне 1,6 миллион теңге жұмсалғаны туралы мәлімет келтірді.

 «Антиплагиаттың көмегімен құрылыс кодексінің жобасына «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» қолданыстағы 3 заңның мазмұны енгізілгенін анықтау қиын емес. Бұл ретте мәтіннің түпнұсқалығы 1 пайызға да жетпейтін. Министрлік 240 беттік, толығымен дерлік қайта жазылған кодекс жобасын әзірлеу үшін әр бетке шамамен 1,6 миллион теңге төлегені белгілі болды», – деді Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат.

Депутат мемлекеттік ақшаны ысырап ету бойынша ішкі қызметтік тергеу жүргізуді талап етті.Сонымен қатар мақсатсыз пайдалану дерегі расталған жағдайда қаражатты мемлекеттік бюджетіне қайтару керектігін баса айтты.

Құрылыс кодексін әзірлеу мақсатында Жұмыс тобы құрылып, кезеңдік іс-шаралары бар Жол картасы бекітілді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тоқаев саладағы саясатты жүйелейтін және түбегейлі жақсартатын қала құрылысы кодексі маңызды екенін айтқан болатын.

«Ірі салалық қауымдастықтардың (шамамен 10) және салалық институттардың («Мемлекеттік қала құрылысы кадастры», «Мемлекеттік сараптама» респ-қ мемлекеттік мекемелері, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ, «Қазақстанның тұрғын ұй коммуналдық шаруашылық Орталығы» АҚ) өкілдерімен бірлесіп Кодекс жобасының бірінші жобасы әзірленді. Жобаны осы айда біз қоғамдық талқылауға шығаруды жоспарлап отырмыз» , деді Марат Қарабаев.

Марат Қарабаевтың дерегінше, Кұрылыс кодексі 4 заңды біріктіреді. Олар «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы», «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы». Сонымен қатар 8 кодекске: «Жер», «Кәсіпкерлік», «Әкімшілік құрылыс туралы» «Экологиялық», «Су», «Орман», «Салық», «Азаматтық» өзгерістер енгізуді көздейді.

Сондай-ақ, Президент құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкімет және Ұлттық банкпен бірлесіп, оны құрылыс саласына енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы қазіргі кезде құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұрғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес.

«Өздеріңізге мәлім, мен осыдан бір жарым жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырдым. Бірақ менің атыма бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай: қазіргі Кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан Кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз