Әлемдегі жетекші қаржы институты саналатын JPMorgan Сhase-тің мәліметінше, алтын шикізат нарығында бірінші орынға ие. Америкалық банктің болжамы бойынша, бағалы металдың құны биыл бір унция үшін 2,5 мың долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Толығырақ
«Біз бір унция алтын үшін 2,5 мың доллар көлеміндегі баға қалыпты деп санаймыз» – деді JPMorgan-ның бөлім басшысы Наташа Канева «Bloomberg» телеарнасына берген сұхбатында.
Өткен аптадағы жұма күні алтынның бағасы бір унция үшін 2195 долларға жетіп, рекордты жаңартты.
«2,5 мың доллар бағаға жету үшін инфляция төмендеуі және жұмыс орындарының өсуінің жалғасуы және Федрезерв мөлшерлемені төмендететіні растау қажет», – деді Канева.
Өткен жылы шілде айынан бастап АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі пандемия кезінде көтерілген инфляцияны 2% – ға төмендету мақсатында өзінің негізгі мөлшерлемесін 2001 жылдан бері ең жоғары деңгейде ұстап отыр.
Америкалық Орталық банктің Уолл-стрит ақша-несие саясатын жеңілдетуге деген бет бұруы маусым айында болмақ. Bloomberg-тің жазуынша, мөлшерлеменің төмендеуі алтынды облигациялар сияқты тұрақты кіріс әкелетін активтермен салыстырғанда тартымды етеді.
Бейсенбі күні таңертең алтынның бағасы сәл арзандады. Өйткені трейдерлер АҚШ-тың жаңа макроэкономикалық деректерін күтуде. Алтынның спот бағасы 0,2%-ға, бір унциясы 2171 долларға дейін төмендеді. Америкалық алтын фьючерстері де 0,2% -ға, 2175 долларға дейін төмендеді.
Инвесторлар АҚШ экономикасының жай-күйін және маусым айында мөлшерлеменің төмендеуі ықтималдығын бағалау үшін АҚШ-тың бөлшек саудасы, өндіруші бағасы және жұмыссыздық, жәрдемақы алуға өтінімдер туралы деректердің жария етілуін күтуде.
Болжамдар
«АҚШ-та тұтыну бағаларының индексі бойынша деректер жарияланғаннан кейін, алтын бағасының аздап төмендеуі байқалды. Бірақ бұл нарықта АҚШ-тың ақша-несие саясатына деген көзқарасын өзгертпейді»,– дейді OANDA Азия-Тынық мұхиты нарығының талдаушысы Кельвин Вонг.
ABC Refinery институционалдық нарықтар бөлімінің басшысы Николас Фраппеллдің айтуынша, алтын бағасының басқа катализаторлары Қытайдағы тұрғын үй нарығындағы жағдай, сондай-ақ тұтынушылық сұраныс үрдістерін қамтуы мүмкін.
Тауар фьючерстерінің сауда комиссиясының мәліметі бойынша, Comex-те өтелмеген алтын фьючерстік келісімшарттардың саны 28 ақпаннан бастап 30%-ға өсті, деп жазды Financial Times.
Қазіргі уақытта алтынның инфляцияға байланысты бағасы 1980 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ол кезде қымбат металдың құны қазіргі ақшамен 3 мың доллардан едәуір қымбат болған еді.