АҚШ Өкілдер палатасы қытайлық ByteDance компаниясының иесіне 170 миллионға жуық америкалық пайдаланатын әлеуметтік желіні АҚШ активтерінен айыруға алты ай уақыт беретін заң жобасын қабылдады.
Яғни заң жобасына сәйкес ByteDance компаниясы алты ай ішінде TikTok-тің америкалық нұсқасын жауып, оны осы елдегі активтерінен толық айыру қажет. Заң жобасы екі партияның қолдауымен 352 дауыспен қабылданды. Бірақ оны әлі Сенат қарауы керек.
Reuters ақпаратына сүйенсек, TikTok тағдыры Вашингтонда үлкен проблемаға айналды. Заң шығарушы орган өкілдері TikTok қолданушыларының қарсылық танытып, хат жазып, өтініш білдіріп жатқанын айтады. Бұл өтініштер саны Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты тоқтатуға жазылған өтініштен бірнеше есе көп.
Дегенмен бұл шара АҚШ-тың Қытайға қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап ретінде Вашингтонның соңғы қадамы.
«Бұл – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесі. Сенат мұны қарастырып, қабылдауы керек»,– деді өкілдер палатасындағы республикалық партия өкілі Стив Скализ.
Осы орайда TikTok басшысы Цзы Чу сенаторлармен тілдесу үшін Капитолийге барған.
«Бұл заңның алдын ала анықталған нәтижесі бар: Америка Құрама Штаттарында TikTok-қа толық тыйым салу. Үкімет 170 миллион америкалықты сөз бостандығынан, конституциялық құқығынан айыруға тырысуда»,– деді компания өкілдері.
АҚШ президенті Джо Байден өткен аптада заң жобасына қол қоюға дайын екенін айтқан. Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мақсат TikTok-қа тыйым салу емес, Қытайға саяси кедергі келтіру екендігін атап өтті.
Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ұлыбритания мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салғаны туралы жазған болатын. Сонымен бірге АҚШ конгресмендеріне де TikTok қолданбасын пайдалануға тыйым салынды.
Қазақстандағы талқылау
Осы жылдың ақпан айында Қазақстан депутаты да бұл қосымшаға шектеу енгізуді ұсынды. Сенатор Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады.
Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.
Бұл платформа санасы қалыптаспаған баланы өшпенділікке, қатыгез мінез-құлыққа тәрбиелейтінін әрі эмоциясының жұтаңдануына алып келетініне тоқталды. Сенатор шетел үлгісінде платформаны пайдалану уақытын шектеуді ұсынды.