БҰҰ Газаға гуманитарлық көмек жеткізуді қайта бастайтын болды
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық колоннасы Газаның солтүстік бөлігіне көмек жеткізу үшін Израильді кесіп өтетін жаңа құрлық бағытын пайдаланады.
Израиль әскери күштері Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының алты жүк көлігі Газа шекарасындағы қақпа арқылы өткенін хабарлады. BBC ақпаратына сүйенсек, бұл Палестина аумағына азық-түлік жеткізу үшін Израильге жасалған жаһандық қысым арқасында мүмкін болған.
Қайырымдылық жасау үшін 200 тонна азық-түлік бар кеме 12 наурызда Кипрден жүзіп, Палестина территориясына жаңа теңіз дәлізін ашты. 14 наурызда Газа жағалауына жетуі тиіс.
БҰҰ-ның жоғары лауазымды шенеуніктері бұл бастаманы құптады. Алайда теңізбен тасымалдаудан гөрі Израиль арқылы құрлықпен тасымалдаудың жеңіл екенін атап өтті. Израиль өз аумағы арқылы Газаға жеткізілетін көмек көлеміне шектеулер жоқ деп сендіреді.
Айта кетейік, 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік бағдарламасы Газа аймағында зардап шеккендерге азық-түлік таратуды тоқтатқан. Шешімнің қабылдануына сектор тұрғындарының бағдарлама қызметкерлеріне шабуылдауы, қарақшылықтың жиілеуі себеп болған. Босқындарға азық-түлік таратуға келе жатқан жүк көліктерін Вади-Газа кеден бекетінде бір топ аш адам қоршап алып, жүкті тонауға талпынған. Олар оқ атқан. Дүйсенбі күні жүк көліктерінің тағы бір көшін жолда тоқтатып, тонап кеткен. Жүргізушілердің бірі зардап шеккен. Жоба мәлімдемесінде азық-түлік үлестіріп жатқан уақытта да адамдар жиі төбелесетіні жазылған.
Газадағы қақтығыс
Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.
1 наурызда Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері Газа аймағында қайтыс болған азаматтардың саны 5 ай ішінде 30 000 асты. Ақпаратты Газа денсаулық сақтау органдарының өкілдері жариялаған. 29 ақпанда гуманитарлық көмекті күткен 100-ден астам палестиналық азаматты Израиль әскері атып өлтірген. Алайда Израиль билігі қайтыс болғандардың көпшілігін гуманитарлық көмекті алып келген көліктер жаншып өлтіргенін айтады. Медициналық бригадаларға жарақаттанғандар саны мен олардың жарақатының ауыр болуына байланысты адамдарды құтқару қиын болған. Ондаған жаралы адам израильдік рейдтен кейін жартылай ғана жұмыс істеп тұрған әл-Шифа ауруханасына жеткізілді.