Екібастұз әкімдігі құны 126 млн теңге болатын жер телімін 1 млрд теңгеге сатып алуды жоспарлаған
Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімдігі құны 126 млн теңге болатын жер телімін 1 млрд теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Алайда облыстық прокурорлар тексеруінен кейін келісімді бағалаған лауазымды тұлғалар жазаланды.
«Павлодар облысының прокуратурасы МАЭС-3 құрылысына арналған жерлерді сатып алуға бөлінген 1 миллиардтан астам бюджет қаражатының шығындалуына жол бермеді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Яғни Екібастұз қаласының әкімдігі ауылдық аймақтағы ауданы 25 га және 5 га екі учаскесін МАЭС-3 салуға сатып алу үшін бағалау жүргізген. Жер учаскесі ауылдық жерде орналасқанына қарамастан, оны қалалық жер телімінің құнымен бағалаған.
Нәтижесінде нақты құны 126 млн теңге болатын екі учаске 1 001 197 999 теңгеге бағаланып, бюджетке артық шығын келтіре жаздаған.
Тексеру жүргізілгеннен кейін, бюджеттік өтінім кері қайтарылған. Учаскелердің меншік иелерімен оларды сатып алу туралы келісімдер жойылып, кінәлі лауазымды тұлғалар жазаланған.
Жерге қатысты даулар
Осыған дейін Жамбыл облысының прокуратурасы тергеу барысында Байзақ аудандық әкімдік қызметкері 500 га жер учаскесіне қатысты мәліметтерге заңсыз өзгеріс енгізгенін анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, 300 га астам жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Өзге 200 га жер учаскесіне қатысты ақпарат берілмеген. Аталмыш жер телімі ауыл шаруашылық мақсатында қолданылуы тиіс болған.
Еске сала кетсек, өткен жылдың жазында Маңғыстау облысында 81 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Қайтарылған жерлер арасында жағалау аймақтары да бар. Жағалау маңында 2004 жылдан бері игерілмеген 2,6 млрд теңгені құрайтын 255,5 гектар 6 жер телімі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ прокурорлар жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді де мемлекет меншігіне қайтарған. Атап айтқанда, құны 1 млрд теңге болатын «OilRealEstate» ЖШС-не тиесілі 225 гектар жер телімі бар.