Жаңалықтар

АҚШ-тағы мұнай қоры азайғаны туралы  жаңалық “қара алтын” нарығына ықпал етті – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы

Мұнай бағасына АҚШ-тағы «қара алтын» қоры туралы ақпарат ықпал етті / Фото: архив kursiv.media

Биржада Brent маркалы мұнай бағасы қымбаттай бастады. Бұған АҚШ-тағы мұнай қорының төмендеуіне байланысты жаңалық ықпал етті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауында жазылған.

«14 наурыз Brent маркалы мұнай бағасы АҚШ-тағы мұнай мен қорларының төмендеуі аясында барреліне 84,0 долларға (+2,5%) өсті», – деп жазылған талдауда.

АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, өткен аптада шикі мұнай мен жанармайдың коммерциялық қорлары тиісінше 1,5 миллионға және 5,7 миллион баррельге қысқарды.

«Осы уақытта украиналық ұшқышсыз ұшақтар ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасады. Ең ірі «Роснефть» зауытында өрт шықты. Бұл кейіннен Ресей Федерациясынан дизельдік отын экспортының төмендеуіне және жанармай импортының артуына әкелуі мүмкін», – деп болжап отыр Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.

Сарапшылардың пайымынша, бұл факторлар АҚШ пен Ресей Федерациясында энергетикалық ресурстарға сұранысының артуына ықпал етуі мүмкін. Нәтижесінде шикізат бағасы одан әрі қымбаттай түседі.

Еске сала кетсек, жуырда Сауд Арабиясы Азия елдері үшін «қара алтын» бағасын қымбаттатып, басқа аймақтар үшін арзандату туралы шешім қабылдады.

Азия елдеріне жеткізілетін Arab Extra Light және Arab Light маркалы шикізат барреліне 0,2 долларға қымбаттайды. Нәтижесінде Оман/Дубай «қара алтыны» бағасынан асып түсті. Яғни барреліне 1,7 долларға жоғары болады. Осылайша аталған маркалардың құны барреліне 0,3 долларға өседі.

«Еуропа елдері үшін шикізат бағасы барреліне 0,6-0,7 долларға, АҚШ үшін барреліне 0,1-0,2 долларға төмендейді», – деп хабарлады Saudi Aramco мемлекеттік компаниясы.

Жыл басында «қара алтын» құны Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылды. Сарапшылардың пайымынша, әлемдік «қара алтын» нарығына Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюі ықпал етті.

Еске сала кетсек, Энергетика министрі ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Қазақстандық шикізат қай елдерге экспортталғанын айтқан еді.

Министр мұнай экспорты да өскенін айтты. Көрсеткіш 70,5 миллион тоннаны немесе 109,6%-ды құраған. Каспий Құбыр Консорциумының қазақстандық учаскесіндегі кедергілерді жою жобасы аяқталған. Бұл жоба өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттырды.