Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Х парақшасында қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады.
«Әз-Наурыздың бастауы – Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін», – деп жазды Президент.
Өткен жылғы құттықтауында мемлекет басшысы бұл мерекені ұлтымыздың бауырмалдық салтын дәріптейтін шара деп бағалаған болатын.
«Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі»,– деген болатын президент.
Амал күні 14 наурызда атап өтіледі. Бұл күнді көрісу күні деп атайды немесе амал мерекесі деген. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. Жыл сайын халық «Амал келді – Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарханда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанған.
Еске сала кетсек, 1 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қайта жаңғырып келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтаған болатын. Ол:
«Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе, қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді. Бүгінде мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды. Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Баршаңызға бақ-береке және мол игілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деген тілегін жеткізген еді.