Қатардың «Power International Holding» инвестициялық холдингі елордада медициналық хаб салып жатыр
Елордада шетел компаниялары қаладағы түрлі құрылысқа инвестиция құйып жатыр. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қатысқан өңірлік инвестициялық штаб отырысында айтылды.
Денсаулық сақтау саласында Қатардың «Power International Holding» инвестициялық холдингі Cynosure компаниясымен бірлесіп елордада медициналық хаб салу жобасын іске асырып жатыр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – 196 млн АҚШ доллары (88 млрд теңге) жеке инвестиция сомасына 50 төсек-орынға арналған медициналық орталық салу. Екінші кезең – шамамен 360 млн АҚШ доллары (160 млрд теңге) инвестиция сомасына медициналық хаб құруды көздейді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ елордада «SABIS» Араб брендінің халықаралық мектебі салынады. Құрылыс осы жылдың сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Мектеп 800 оқушы орны мен мектепке дейінгі 530 балаға арналған. Отырысқа осы «Sabis» және «International Community Schools Ltd» халықаралық мектептерінің құрылысы бойынша жобаларды іске асыратын шетелдік инвесторлар да қатысты.
International Community Schools Ltd компаниясы салатын мектеп халықаралық болады. Мектепте 1 225 оқушы мен мектепке дейінгі 100 балаға орын болады. Осы жоба барысында 100-ден астам жұмыс орнын ашылып, 9 млрд теңге жеке инвестиция салынады.
Түркиялық Tiryaki компаниясы қуаттылығы жылына 240 мың тонна бидай өңдеу зауытын салады. Бұған шамамен 200 млн АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Ал WILDBERRIES компаниясы қуаттылығы 150 мың шаршы метр болатын өңірлік логистикалық орталық салмақшы. Оның құрылысына шамамен 50 млрд теңге инвестициялайды, сөйтіп 6 мың жұмыс орнын ашады, – делінген әкімдік хабарламасында.
Елордада 40 млрд теңгеге жуық жеке инвестициямен ірі «Ozon» логистикалық орталығын салу жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 30 мың шаршы метр аумақты құрайтын жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Екінші кезең – 40 мың шаршы метр аумақ бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жоба 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейді.
Австриялық LASSELSBERGER компаниясы Индустриалды парк аумағында құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт салып, 200-ден астам жұмыс орнын ашады. Инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асады. Жоспарланған өндіріс көлемі – жылына 100 мың тонна қоспа.
Елордада медициналық хаб салып жатқан Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жайлы 1 ай бұрын белгілі болды. Ақпарататты «Қазақтелеком» АҚ Коммуникациялар департаменті таратты.
«Қазақстанның ірі телекоммуникациялық операторы «Қазақтелеком» өзінің мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele2/ALTEL брендтері) Таяу Шығыстың жетекші конгломераты – Қатардың Power International Holding-ке сатуды көздеп отыр. Қағидаттар туралы тиісті үшжақты келісімге («Самұрық-Қазына» АҚ) бүгін тараптар Қазақстан Президентінің осы араб еліне ресми сапары шеңберінде қол қойды», – делінген хабарламада.
Күні кеше ғана ҚНДРА төрағасы Мадина Әбілқасымова жыл соңына дейін жаңа бір банк Қазақстан нарығына келуі мүмкін екенін айтты.
«Қазіргі уақытта осы бағытта өте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің нарыққа келетін алғашқы шетелдік банктердің бірі – Катар банкі. Білуімше оларға Bereke Bank-ті сату бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Сонымен қатар, бірнеше инвесторлар да бұл мәседлеге қызығушылық танытып отыр. Осы орайда жыл соңына қарай елімізге тағы бір жаңа банк кіріп қалуы мүмкін. Инвестордан нақты жауап алынбайынша, мен елімізге қандай банк келетінін ашып айта алмаймын әзірге»,- деді Әблқасымова.
Өткен күзде ҚНДРА төрағасы банктің Катар инвесторына сатылатыны туралы айтқан. Сол кезде инвестор Bereke bank-ті бағалап жатқан. Қаржы ұйымын «Бәйтерек» холдингі бір жыл бұрын ресейлік «Сбербанктен» сатып алған еді.
«Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлар қатары анықталып жатыр. Олардың ішінде ең күрделі мәміле – «Береке банкін» сату. Инвестормен бірлесіп due diligenc жүргізіледі. Қатар инвесторы банкті бағалап жатыр, соның нәтижесінде банктің нақты құнын инвестор өзі анықтайды», – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.