Қор нарығына шолу: АҚШ-та қаржы нарығы құлдырады, NVIDIA құнды қағаздарының бағасы түсті
Өнім өндірушілердің көтерме бағасының өсуіне байланысты АҚШ-тағы биржалар төмендеді. Америкалық NYCB банкі несиелерді сатады. NVIDIA акциялары сарапшылар ұсынған топ-20 құнды қағаз қатарынан шығарылды.
Өндірушілердің көтерме бағасының өсуіне байланысты АҚШ-тағы биржа төмендеді
Yahoo Finance жазуынша, көтерме бағадағы жаңа деректер АҚШ-тың болашақта үш негізгі нарығында сатылымға түрткі болған инфляцияның жеделдеуін көрсетеді. Инфляция туралы ақпараттар инвесторларға дабыл дауысындай әсер етіп жатыр.
Бейсенбі күні АҚШ Еңбек Департаменті өндірушілердің көтерме баға индексі (тауарлардың тұтынушыларға жеткенге дейінгі құнының өсуін бақылайтын маңызды индикатор) ақпан айында 0,6%-ға өскенін хабарлады. Жылдық өндірушілердің индексі ақпан айында 1,6% – ға өсті. Бұл 2023 жылдың қыркүйек айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Мысалы, инфляцияны жоғарылататын бензин бағасы ақпан айында 6,8% – ға, азық-түліктің көтерме бағасы 1% – ға өсті.
АҚШ-тың қор индекстеріне тоқталатын болсақ, S & P 500 0,29% – ға, Dow 0,35% – ға, NASDAQ 0,3%-ға төмендеді. Bank of America стратегиясы Майкл Хартнетттің Bloomberg-ке берген сұхбатында «нарық «керемет жетілік» технологиялық компаниялардың акциялары рекордтық өсуі аясында «көпіршік» белгілерін көрсетіп жатқанын» айтты.
NYCB несиелерді шамамен 1 миллиард долларға сатпақ
Market Watch жазуынша, америкалық New York Community Bancorp банкінің тұтынушылық несиелерді сатудан түскен пайда құны 899 млн долларды құрамақ. Басылымның айтуынша, банк бірінші тоқсанда ықтимал шығындарға резерв құруы қажет.
Сарапшылар инвесторлардан тартылған 1 млрд доллар қаржы, банктің тұрақтылығын сақтау үшін жеткіліксіз екенін айтты. Банктің бағалы қағаздары 2024 жылдың басынан бері 64% – ға төмендеді. Егер акционерлер мақұлдаса, банк жақын арада акцияларды кем дегенде «3-тен 1-ге» қағидаты бойынша бөлуді жоспарлап отыр.
Уолл-стрит сарапшылары Nvidia-ны көшбасшылар рейтингісінен алып тастады
Market Watch ақпаратына сүйенсек, NVIDIA акциялары сарапшылар сатып алуға ұсынған топ-20 бағалы қағаздың қатарына кірмейді. Өйткені компанияның баға мен пайда арақатынасы көңіл қуантарлық емес. Чипмейкердің бағалы қағаздары 2023 жылы 239%-ға, ал 2024 жылдың басынан бастап тағы 83,5% – ға өсті.
Сарапшылар сатып алуға ұсынып отырған рейтингтегі көшбасшылардың қатарына Schlumberger, Lamb Weston Holdings, Delta Air Lines, Teledyne Technologies кіреді. Басылымның айтуынша, келтірілген осы және басқа компаниялардың болжаған 12 айлық өсу әлеуеті жоғары.
ЕОБ мөлшерлемені жазғы демалысқа дейін екі рет төмендетуі қажет
Греция Орталық Банкінің Төрағасы Яннис Стурнарастың айтуынша, Еуропалық Орталық Банк мөлшерлемені тамыз айындағы жазғы демалысқа дейін екі рет және АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің ықпалына түспей, жылдың соңына дейін тағы екі рет төмендетуі қажет.
Стурнарас Bloomberg-ке берген сұхбатынды «Біз жақын арада мөлшерлемені төмендетуді бастауымыз керек», — деді.
ЕОБ ақша-несие саясаты бойынша шешімдер 11 сәуір, 6 маусым және 18 шілдеге жоспарланып отыр.
«Бізде сәуір айындағы отырысқа дейін, әсіресе 2024 жылдың басындағы жалақы бойынша жаңа ақпарат аз. Бірақ маусым айындағы отырысқа көбірек деректер аламыз», – деді Стурнарас.
Әлемдік нарықтарға шолу
Reuters жапондық Jiji агенттігіне сілтеме жасап, Жапония банкі 18-19 наурыздағы отырыста мөлшерлемені көтереді, деп жазды. Орталық банктің бұл шешіміне осы аптада бірқатар ірі компаниялардың жалақыны көтеру туралы мәлімдемелері түрткі болуы мүмкін. Жапония банкі 17 жыл бойы мөлшерлемені көтерген жоқ.
2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 29 дефолт болды. S&P Global порталының жазуынша, бұл 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Оның ішінде АҚШ -та корпоративтік дефолттар саны 17, Еуропада-8 құрады.