Боранбаев мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» аукционға шығарылды
Миллиардер Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» қонақүйі мемлекеттік электрондық сауда алаңына орналастырылды.
Ақпарат сүйенсек, Боранбаевқа тиесілі болған Астанадағы «Комфорт отель» мемлекеттік меншікке берілгеннен кейін электрондық сауда-саттыққа шығарылған. Қонақүй сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беріледі.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы қонақүйді сенімгерлік басқаруға беруді 3,9 млрд теңгеге бағалаған.
Нысанға тек бір адам ие бола алады. Яғни ол бір тұлғаға ғана сатылады. Жаңа иесі қонақүйді және оған іргелес аумақты мақсатқа сай пайдалана алады.
«Объектіні және берілетін мүліктің аумағын қонақүй бизнесін жүргізу мақсаты бойынша пайдалану міндетті. Бөлме сыйымдылығының жүктемесін қамтамасыз ету, іс-шараларды (конференциялар, банкеттер) тарту», – делінген сатып алған адамға қойылатын талапта.
Сайтта өтінімдерді қабылдау 27 наурыз сағат таңғы 8 дейін жалғасады. Сауда-саттық сол күні сағат күндізгі 10-да болады.
Боранбаев мемлекетке қайтарған мүлік
Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.
Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. . Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.
Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.
Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.