Bloomberg: Теңіз кен орнында өндірісті кеңейту қымбатқа түседі
Теңіз кен орнында өндірісті кеңейту жобасы акционерлерге алдыңғы 45,2 млрд доллар бюджетпен салыстырғанда, әлдеқайда көп, яғни 48,5 млрд доллар шығын алып келеді.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, 50% Chevron, 25% Exxon Mobil Corp және 20% «ҚазМұнайГазға» тиесілі «Теңізшевройлдың» қазақстандық Теңіз кен орнын ұлғайту жұмысына шамамен 48,5 млрд доллар қажет.
Chevron 2023 жылдың үшінші тоқсанындағы кірістері туралы есеп бере отырып, бұрын 45,2 млрд деңгейінде белгіленген Теңіз бюджеті мерзімінен кеш іске қосылғандықтан, шамамен 4% қымбаттағанын атап өткен. Bloomberg басылымы тілдескен азаматтар жобаға тағы 1,5 млрд доллар жұмсалғанын айтқан.
14 наурыздағы Chevron мәлімдемесінде оның Теңізді кеңейту жобасының жалпы құны бойынша болжамында «Соңғы кірістер туралы есептерімізде берілген диапазондармен салыстырғанда өзгеріссіз қалады» делінген. Мәлімдемеде компания осы кезге дейін жобаның негізгі құны 45,2 млрд доллардан бөлек, пандемияға байланысты 1,9 млрд доллар күтпеген шығынға ұшырағанын жазған.
Теңізді кеңейту жобасының іске қосылуы 2025 жылдың екінші тоқсанына ауыстырылды. Нәтижесінде ол өзінің бастапқы бюджетінен 37 миллиард доллардан едәуір асып түсті. Бастапқы жоспар бойынша 2022 жылы іске қосылуы керек болған жоспар осымен екінші рет кейінге қалдырылды. Алғашқы рет жоспар 2024 жылдың соңына кейінге қалдырылып, құны 37 млрд доллардан 45 млрд долларға өскен. Ол кезде жұмыстың кейінге қалуын Ресейдің Украинаға толыққанды басып кіруі әсер етті деп түсіндірілген.
Үкімет келісімі
Осыған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов Теңіз кен орны сағалық қысымды басқару және кен орнын кеңейту жобасын мерзімінде аяқтау қажет екендігін айтқан. Тапсырма 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалуы тиіс.
«Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеруге де мән беріп отыр. Мұнай мен конденсат өндіруді жылына кем дегенде 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру қажет», – деді Олжас Бектенов Chevron компаниясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесуде.
Өндіріс көлемі ұлғаяды
Қазақстан жобаның жүзеге тезірек асырылуына мүдделі. Себебі Теңіз кен орнының кеңеюі өндіріс көлемін тәулігіне 260 мың баррельге немесе шамамен 40%-ға ұлғайтады.
2021 жылы Энергетика министрлігі мен Chevron компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 млн көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қаражатқа компания «Теңізшевройл» келешек кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру сынды перспективасы жоғары жобаларды жүзеге асыруды жоспарлады.
Chevron – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.
Бұған дейін Теңіз кен орнын кеңейту кейінге шегерілген сайын жоба құны қымбаттай түсетіні туралы дабыл қағылды.
Естеріңізге салайық, бастапқыда жоба құны 12 млрд долларды құрады. Кейін бұл көрсеткіш 37 млрд долларға жетті. Үкімет 2023 жылғы сәуірде кеңейту жобасының құны шамамен 47 млрд доллар деп бағаланғанын жариялады.