Бір жыл бұрын шығынға ұшыраған Polymetal 2023 жылы 528 миллион доллар таза пайда тапты
Polymetal International plc 2022 жылы 288 миллион доллар шығынға ұшыраған еді. Компания 2023 жылдың есебін жариялады. Оған сәйкес кен өндіруші былтыр 528 миллион доллар таза пайда тапқан.
«Операциялық пайданың өсуіне сүйене отырып, 2023 жылы топтың таза пайдасы 528 миллион долларды құрады. 2022 жылы 288 миллион доллар таза шығын тіркелген», – деп жазылған хабарламада.
Былтыр кен өндірушінің кірісі 8%-ға өсті
2023 жылы кіріс 8%-ға өсіп, 3,025 млрд долларды (2022 жылы 2,801 млрд доллар) құрады. Оның 893 млн доллары (30%) Қазақстандағы кәсіпорындардан және 2,132 млрд доллар (70%) Ресейдегі кәсіпорындардан түскен.
Алтын мен күмістің орташа сатылған бағасы нарықтық динамикадан кейін тиісінше 9%-ға және 4%-ға өсті. 2023 жылы жылдық өндіріс өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ.
Алтынды сату бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 2%-ға (1,4 млн унция) өсті. Ал күміс сату 10%-ға (16,6 млн унция) азайды.
«Ресейдің бағалы металдар экспортына бақылауды айтарлықтай күшейту теңіз порттарында тауарлардың айтарлықтай көлемінің жиналуына әкелді», – деп жазылған есепте.
Polymetal компаниясының бас директоры Виталий Несис компанияның геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, өткен жылы табыстылығын сақтап, таза қарызын түзетілген EBITDA (салық салғанға дейінгі пайда) коэффициентіне дейін төмендете алғанын айтты.
Көрсеткіштердің өсуіне қандай факторлар ықпал етті?
Кен өндіруші қаржылық көрсеткіштердің өсуін металдарға әлемдік жоғары бағаның аясында өндіріс нәтижелерімен және «шығындардың тұрақты деңгейіне» байналысты деп түсіндіреді.
Таза қарыз айтарлықтай өзгерген жоқ. 2023 жылдың соңында 2,383 млрд долларды құрады. 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 2,393 млрд доллар болған. Жалпы қарыздың 174 млн доллары Қазақстандағы активтерге және 2,209 млрд доллары ресейлік кәсіпорындарға тиесілі. Түзетілген EBITDA-ға таза қарыз 1,64 есе болды, бұл өткен жылғы деңгейінен айтарлықтай төмен.
Павлодардағы Ертіс гидрометаллургиялық зауытын дамытуға 60 млн доллар жұмсалады
Компания қазақстандық кәсіпорындардағы өндіріс 475 мың унция деңгейінде сақталады деп болжайды. 2024 жылы қолма-қол ақша және жалпы қолма-қол ақша шығындары тиісінше GE унциясы үшін 900-1000 доллардан және GE унциясы үшін 1250-1350 доллардан аспайды.
2023 жылмен салыстырғанда бағаның қымбаттауы Қазақстандағы электр энергиясы мен теміржол тасымалы тарифтерінің күрт өсуіне байланысты болады. Күрделі шығындар шамамен 225 млн долларды құрайды. Оның ішінде 60 млн доллар Павлодардағы Ертіс гидрометаллургиялық зауытын дамытуға жұмсалады.
Polymetal Ресейдегі активтерін сату жөніндегі мәміленің толық аяқталғанын хабарлады. Қазақстанға көшкен компания акционерлері ресейлік активтерді сату туралы келісімді мақұлдаған.
Ақпаратқа сүйенсек, компанияның ресейлік активтерінің («Полиметалл» АҚ) 100%-ын ресейлік «Мангазея Майниң» АҚ құрамына кіретін «Мангазея Плюс» компаниясы 3,69 млрд долларға сатып алмақ. Келісімнен кейін түскен пайдадан 300 млн долларды Ертіс тау-кен өндірісіндегі құрылысқа және компанияның дамуына жұмсау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы тамызда Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және әлемдегі алғашқы бестікке кіретін Polymetal компаниясы ресейлік активтерін сатуға ниетті болған. Бұл жайлы инвесторлармен өткен конференцияда компания басшысы Виталий Несис айтқан.