“Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады” – Тоқаев Елтаңбаны өзгерту туралы ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ортақ келісімге келген жағдайда жаңа Елтаңбаны жасауға ашық байқау жариялануы мүмкін / Фото: shutterstock и akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты.

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым», – деді Президент

Оның айтуынша, нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуы керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

«Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан», – деген Мемлекет басшысы ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылатынын жеткізді.

«Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусым ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын атап өтті.

«Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді Тоқаев.

Ол қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтіп, соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз