Жаңаөзенде ереуілге шыққан мұнайшыларға бос жұмыс орындары ұсынылды – Еңбек министрлігі

Жарияланды
ереуілге шыққан
Министрлік ереуілге шығып, жұмыссыз қалған мұнайшыларға бос жұмыс орындары бар деп мәлімдеді /Фото: kursiv.media

Жаңаөзенде ереуілге шығып, жұмыссыз қалған мұнайшылар үшін бос жұмыс орындары ұсынылған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты.

Жиын барысында журналист Жаңаөзенде мұнайшылардың ереуілге шыққанын,  олардың жағдайы не болатынын сұрады. 

«Жаңаөзенде жақында мұнайшылар ереуілге шықты. Олар өздерін “ҚазМұнайГаз» балансына көшіруді сұраған болатын. Ол мұнайшылардың қазіргі статусы қандай? Олар жұмыссыз санала ма? Жетібай мен Жаңаөзенде жұмыспен қамту жағдайы қандай?”, – деді журналист. 

Өз кезегінде министрлік өкілі Жаңаөзенде бос жұмыс орындары көп екенін айтып, жұмыссыз қалған мұнайшылар сол жұмыс орындарына барып «кедергісіз орналаса алады» деп сендірді.  

«Мен олардың статусы жайлы нақты айта алмаймын. Бірақ Маңғыстау облысындағы барлық азаматтарға біздің карьералық орталық бос вакансиялар ұсына алады. Соның ішінде ереуілге шыққан азаматтарға да сол өңірден бос жұмыс орындары ұсынылған. Олардың кейбірі ұсыныспен келісті, кейбірі келіспеді. Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласы бойынша электронды еңбек биржасында 629 бос жұмыс орны бар. Сондықтан да жұмыссыз қалған азаматтар біздің карьералық орталыққа баруына болады», – деді. 

Еске сала кетсек, West Oil Software ЖШС-нің жұмысшылары 11 желтоқсанда ереуілге шықты. Олар – West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосуды сұрады. Сонымен бірге бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту талаптарын қойды. Ереуілге байланысты 19 маманның жұмыстан қуылғанын айтқан жұмысшылар ереуілді тоқтатудан бас тартты.

Ал 20 желтоқсан күні Қарақия ауданының әкімдігі ереуілдеушілердің «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен  келіссөз жүргізуден бас тартқанын хабарлады.  Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев West Oil softwarе-нің наразылыққа шыққан қызметкерлері өкілдерімен кездесу өткізген. Төретаев наразылық білдірушілерді жағдайды сындарлы бағытқа ауыстыруға, мәселені келіссөз үстелінде шешуге шақырған. 

Ал ақпанның аяғында WOS компаниясы ереуіл салдарынан 1 млрд теңгеге жуық зиян шеккенін мәлімедеді. Осыған байланысты 24 ақпанға дейін ереуілді тоқтатпаса наразылық білдіргендерді жұмыстан шығаратынын жеткізді.

Ал 28 ақпан күні West oil Software компаниясы 50 қызметкерін жұмыстан шығарғаны белгілі болды.

«Компания бүгіннен бастап ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімін негізге ала отырып, өндірістік қажеттілікке байланысты 50 қызметкермен еңбек шартын бұзатынын хабарлауға мәжбүр»,– деп хабарлады компания.

Сонымен қатар кәсіпорын бұл қызметкерлерге наразылықты тоқтатып, келісім комиссиясы арқылы жұмысқа қайта оралуына болатынын ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз