Жаңалықтар

Алматы әкімдігі қалалық LRT  мен Алматы-3 вокзалын жобалауға 700 млн теңгеге жуық қаражат жұмсауды жоспарлап отыр 

Алматы LRT
Алматы LRT жүйесін жобалауға 343,8 млн теңге, Алматы-3 вокзалын жобалауға 341,4 млн теңге жұмсау көзделген / Фото: kursiv.media

Алматы қаласының әкімдігі қалалық ЖРТ (LRT) мен Алматы-3 вокзалын жобалауға шамамен 700 млн теңге жұмсауды көздеп отыр. Екі жоба бойынша баға ұсынысын қабылдау жүріп жатыр. 

«Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ЖРТ-ны жобалауға қатысты 343 826 111 теңгеге конкурс жариялаған. 

Конкурс құжатында Алматының қала шегінде 2,1 млн-нан астам тұрғыны және Алматы агломерациясында 3,3 млн-нан астам тұрғыны бар, Қазақстанның оңтүстік-шығысында қарқынды дамып келе жатқан мегаполис екені айтылған. 

«Одан әрі тұрақты өсу үшін Алматыға заманауи және дамыған қоғамдық көлік жүйесі қажет. Қазірдің өзінде Алматының қоғамдық көлігін күнделікті пайдаланатын жолаушылар саны күніне 1 млн-нан асады, ал халықтың одан әрі өсуі қоғамдық көлік жүйесінің интеграциялануын, тиімділігін және тасымалдау қабілетін арттыру міндетін аса басымдықтардың біріне айналдырады. Осы мақсатта Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарында ЖРТ жүйесін салу қажеттілігі белгіленген», – делінген құжатта. 

Сонымен бірге LRT  арқылы қаланың қолайсыз экологиялық жағдайын реттеу көзделген. LRT жүйесі нәтижесінде экологиялық көлікті пайдалана отырып, қала ішінде ауысып-міну үлесінің өсуі есебінен көлікке байланысты зиянды шығарындылар көлемінің төмендеуі күтіледі. 

Қалаға жаңа тыныс беретін бұл құрылысты жобалайтын компанияға қойылатын талаптарда көрсетілген.

Құжатқа сәйкес әлеуетті жеңімпаз компания Алматының LRT жүйесін құруға немесе құруға бағытталған жобалау-іздестіру және құрылысмонтаждау жұмыстарын қоса алғанда, бұрын орындалған жұмыстар туралы заттай зерттеулер жүргізу және есеп дайындауға міндеттеледі. 

Сонымен бірге олар жобаның техникалық, ұйымдастырушылық және экономикалық аспектілерінің әртүрлі нұсқаларын қамтитын қалалық LRT жүйелерін құру бойынша ең үздік әлемдік тәжірибеден кем дегенде 5 өзекті үлгіні зерттеп ұсынуы керек.

Әлеуетті жеңімпаз компания Алматы қаласының Бас жоспарының ережелерін ескере отырып, LRT желісін трассалау бойынша нақтыланған ұсыныстарды әзірлейді. 

Құжатты Халықаралық электротехникалық комиссия (IEC), Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO), Еуропалық стандарттау комитеті (CEN), Американдық қоғамдық көлік қауымдастығы (APTA),  Халықаралық қоғамдық көлік Одағы (UITP), Халықаралық теміржол одағы (UIC), Американдық құрылыс инженерлері қоғамы (ASCE), Теміржол инженерлері институтының (IRSE) халықаралық стандарттардың, нормативтік талаптар мен ұсынымдарына сәйкес дайындауға тиіс. 

Конкурсқа өтініш қабылдау 27 наурызда аяқталады. Жұмысты 2024 жылдың  31 желтоқсанына дейін аяқтау керек.  

Алматы-3 вокзалы

Алматы-3 вокзалын жобалауға қатысты конкурс 341 451 714 теңгеге жарияланған. Бұл конкурстың әлеуетті жеңімпазы жолаушылар және жүк қозғалысына арналған станцияны дамыта отырып, Боралдай – Ақсеңгір аралығындағы Алматы-3 вокзалының құрылысына  техникалық экономикалық негіздеме әзірлеуі керек. Онда құрылыс ауданының климаттық, экологиялық, техногендік, сейсмикалық жағдайлары ескерілуі тиіс. 

Сонымен бірге әлеуетті жеңімпаз зерттеу барысында геологиялық іздестірулер жүргізе отырып, жобалау ұйымымен бірлесіп Ақсеңгір-Боралдай аралығының 4038 км-ден 4041 км-ге дейінгі негізгі жолдары арасында жүк станциясын орналастыру мүмкіндігін қарастыруы керек болады. 

Құжат бойынша вокзал ғимаратында жолаушылар платформалары, өтпелі тонельдер, конкорс өткелі, күту залдары, вокзал бастығының кабинеті, вокзал бойынша кезекшілерге арналған үй-жайлар, перронды көзбен шолуға болатын дикторлық бөлме, сақтау камералары, қол жүгін өлшейтін кассалары бар павильон, демалыс бөлмелері, ана мен баланың демалыс бөлмелері, абаттандырылған вокзал аумағы, анықтамалықақпараттық жабдықтар, бейнебақылау, СҚҚ, WI-FI болу қажет. 

Яғни жобалау кезінде осының барлығы ескерілуі тиіс.  

Алматы-3 вокзалы бойынша конкурс ертең, яғни 16 наурызда аяқталады. 

Еске сала кетсек, өткен жылдың жазында Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беруі барысында Алматыда қоғамдық көлік инфрақұрылымына LRT, BRT желілері қосылып, жаңа метро станциялары пайда болатынын айтқан болатын. Ол қоғамдық көлік желісін дамыту трафикті тиімді басқаруға бағытталатынын, бұл орайда 2025 жылы қалалық магистральдар, қоғамдық көлік және «ақылды» бағдаршамдар біріктірілетін зияткерлік жүйе іске қосылатынын мәлімдеген еді.